Президент Нұрсұлтан Назарбаев Дмитрий Медведевпен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Дмитрий Медведевпен кездесті

31.05.2015
Президент Нұрсұлтан Назарбаев Дмитрий Медведевпен кездесті

Президент Нұрсұлтан Назарбаев Бурабайда  Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Дмитрий Медведевпен кездесті. Кездесуде Қазақстан-Ресей қарым-қатынастарының негізгі бағыттары талқыланды. Халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер де қозғалды.

«Нарықтық экономикада қазіргідей өрлеу мен құлдырау ара-тұра болып тұрады. Оларды еңсеруді үйрену және даму үшін жұмысты жалғастыру маңызды», – деді Қазақстан Президенті.

Ресей Үкіметінің төрағасы Қазақстанда қолға алынған 5 институционалдық реформа мақсатының өршілдігі мен үйлесімділігіне назар аударып, оның жүзеге асыру ісіне табыс тіледі. Еуразиялық экономикалық одақтың жұмысы жүйеленіп келеді. Дегенмен, дағдарыс өзара тауар айналымына салқынын тигізбей қоймады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Тауарайналым азайғанын барлығы көріп отыр, өкінішті әрине. Бұған объективті себептер бар. Біріншіден, энергетикалық ресурстардың бағасы сонымен қатар, кооперациялық оралымдар да сәйкес келмеді.

Бірақ, негізгі бағыттар еркін сауда, Кеден одағы, капиталдың, адамдардың еркін қарым-қатынасы, инвестициялар мен бірлескен кәсіпорындар құру секілді жұмыстар жалғасып жатыр. Осының барлығы уақыты келгенде жемісін беретініне сенімдімін.

Сондықтан, бізге қазір бүгінгі қиындықтарды өткеру маңызды. Ал, қалған мәселелерде мемлекетаралық, үкіметаралық сипаттағы қарым-қатынасты біз үнемі кездесіп, талқылап отырамыз. Менің ойымша, реттелмей жатқан үлкен, маңызды, ауқымды мәселелер жоқ.

Дмитрий Медведев, РФ Үкіметінің Төрағасы:

Сіз жаңа экономика мен біздің қарым-қатынасымызға байланысты нақты кейіптеме беріп өттіңіз. Шындығын айтқанда, үлкен жетістіктер бар. Еуразиялық экономикалық одаққа қатысты біздің ортақ жоспарларымыз жүзеге асып келеді.

Кез-келген одақ өз дамуының түрлі кезеңдерін өткеретіні түсінікті де.  Сіз осы идеяның бастауында тұрдыңыз, қазір ол жүзеге асты. Біз оның айтарлықтай қысқа мерзімде жүзеге асқанына қуаныштымыз, өйткені өзге елдер осындай бірлестікке ұзақ жүріп жеткен.

Біздің екіжақты қарым-қатынастарымыз өте биік деңгейде тұр және тауар айналымының аздап төмендегеніне қарамастан, бірқатар жағымды үрдістер бар. Мәселен, Қазақстанның Ресейге экспорты туралы айтар болсақ, ол соңғы уақыттары 20 пайызға ұлғайды.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Вьетнам Премьер-министрі Нгуен Тан Зунгпен де кездесті. Кездесуде сауда-экономика, инвестиция, отын-энергетика салаларында ынтымақты  нығайту мәселелері талқыланды.  

Президент Қазақстанның экономикалық және саяси байланыстарды дамытуға мүдделі екенін айтты.  Қазір Еуразиялық экономикалық одақ пен Вьетнам арасында  еркін сауда аймағын құру көзделіп отыр.

Еркін ТАҢАТҚАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу