Батыс мәдениеті бизнеске айналды. Олардың көздегені материалдық пайдаға белшеден бату. Осындай идеалдардың жетегінде тұтас ұлттар кетті және олар жеке бастың қамын өмірдің мәні деп түсінеді.
Президеттікке кандидат Тұрғын Сыздықов сайлаушылармен кездесуінде осы мәселеге баса назар аударды. Сонымен қатар, ол өзінің сайлауалды тұғырнамасында батыстық тамақтануға мән беріп отыр.
Фаст-фуд – холестериннің қоры, дейді. Ал, бұл адам ағзасына аса зиян. Сондықтан, тез дайындалатын тағамдардың құрамы құпия сақталады. Кандидат Астана, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында кездесу өткізді.
Біздер, коммунистер үшін, - деді Тұрғын Сыздықов, - марксизм – қоршаған әлемнің өзгеруімен бірге үнемі дамып отыратын шығармашылық ғылым. Партияның жұмысы марксизм-ленинизм идеясына негізделген.
Астанадағы «Тұран» университетінде өткен кездесуде кандидат сайлауалды тұғырнамасында батыс мәдениетінің теріс ықпалы мен оның стандарттарына ерекше көңіл бөлінгенін айтты.
Тұрғын Сыздықов, ҚР Президенттігіне кандидат:
Біздің сайлауалды бағдарламамыз батыстық жалған мәдени құндылықтарды қабылдамауға негізделген.
Фаст-фуд секілді тез дайындалатын өнімдер – ең әуелі жарнаманың арқасында әлемге әйгілі болды. Бұл тағамдар денсаулыққа зиян, ал, оның зиян екенін, нақтырақ айтсақ, фаст-фудтың құрамында не бар екенін жалпақ жұртқа жария ету – өндірушілерге тиімсіз. Тұрғын Сыздықов бұған айрықша тоқталды. Үміткердің батыстық құндылықтарға қатысты ұстанымын партияластары қолдайды.
Марат Әубәкіров, ҚКХП Астана қалалық комитетінің бірінші хатшысы:
Батыстық фильмдердің басым бөлігінде өмір мен адамдарға деген тұтынушылық қатынас дәріптеледі. Бұл насихаттың басты мақсаты – адамды қалыпты өмір сүруге емес, байлыққа ұмтылуға және тойымсыздыққа тәрбиелейді. Жеке бастың қамын өмірдің мәні деп түсіндіреді.
Екібастұзда «ГорЭлектроСеть» серіктестігінің жұмысшыларымен кездесуінде Тұрғын Сыздықов әсіресе, кемшілік батыстық өнерде көп деді. Бизнестің бір тармағына айналған саланың негізгі критерийі – материалдық құндылық.
Батыс адамы, - деді Тұрғын Сыздықов, - жақсылық жасаудан алшақтап барады. Осы сынды сайлауалды бағдарламаның маңызды тұстарын жергілікті штабтар сайлаушыларға кеңінен түсіндіріп жатыр.
Ерлан Қорабаев, ҚР Президенттігіне кандидат Т. Сыздықовтың сенімді өкілі:
Біздің штабтың іс жоспары белгіленді. Соған сәйкес, сайлаушылармен жұмыс жүргізілуде. Үгіт-насихат барысында сенімді өкілдердің аудан орталықтарына сапарлары жоспарланған.
Ал, Павлодар қаласында Тұрғын Сыздықовпен кездесу Естай атындағы мәдениет үйінде өтті. Айта кету керек, кездесуге Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының байқаушылары қатысты.
Батыстық өркениет, - деді Тұрғын Сыздықов, - құндылықтар дағдарысын бастан кешіп отыр. Олар үшін төзімділік, мейірімділік, үлкенге құрмет пен отбасылық өнеге сықылды қарапайым қасиеттер жат болып барады.
Бұдан бөлек, кандидат әлем жастарының сапалы классикалық шығармалар оқымайтындығына налыды, олар қатыгездікке толы голливудтық фильмдерге, компьютерлік ойындарға әуес, деді.
Тұрғын Сыздықов, ҚР Президенттігіне кандидат:
Біздің бүгінгі міндетіміз кез келген қоғамды құлдырауға ұшырататын батыстың жат мәдениетіне тойтарыс беру.
Әлемнің жастары батыстық киімдерге әуес. Шетел әуендерін тыңдап, голливудтық фильмдерді көреді.
Өскеменде өткен кездесуде Тұрғын Сыздықов бұл бос уақытты өткізу емес, тұтыну мәдениетінің жалпыға бірдей таралуы деді. Ешқандай шектеусіз өмір сүру кез келген ұлттың құлдырауына алып келеді. Батыстық мәдениеттің теріс ықпалын аңғару қиын емес. Үміткер сөзінің дәлелі ретінде бірнеше мәселені мысалға алды.
Туу көрсеткішінің төмендеуі, дәстүрлі неке институттарының күйреуі, рухани тәрбиедегі жүгенсіздік, жауапсыздық. Міне, осының бәрі немқұрайлылықтың «жемісі».
Тұрғын Сыздықов, ҚР Президенттігіне кандидат:
Батыстық өркениет елдері ақыл-ес пен генетикалық аурулар рейтингінде көш бастап келеді. Осылайша олар өздерінің тегін жоғалтуда.
Өскеменде өткен кездесуге Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының байқаушылары да келді. Бүгінгі күні жергілікті штаб өкілдері кандидаттың сайлауалды бағдарламасын түсіндіру жұмыстарына кіріскен.
Шыңғыс Байдәулетов, ҚР Президенттігіне кандидат Т.Сыздықовтың ШҚО-дағы сайлауалды штабының жетекшісі:
Сайлауалды жұмыстары кезінде біздің «Коммунист Казахстана» газеті, партияның сайты мен әлеуметтік желілер секілді өзге де байланыс құралдары кеңінен қолданылуда.
Сөз соңында Қазақстан Президенттігіне кандидат Тұрғын Сыздықов тағы бір мәрте партия батыстық мәдениет пен құндылықтардың теріс ықпалына баса назар аударатынын айтты.
Айбек ҚОБДАБАЙ