Қазақ қантсыз шай іше алмайды. Алайда, қант бағасының өзге де азық-түлік секілді жылдан-жылға қымбаттап бара жатқаны жасырын емес. Қателеспесем, қазір базарларда қанттың бір келісі 200-210 теңгенің ар жақ-бер жағы. Байқасаңыз, сол қымбатшылықтың тасасынан қант тапшылығы да қылаң береді.
Қант өздеріңіз білесіз, қант қызылшасынан алынады. Ал кезінде қант қызылшасын өндіруден бәйге бермеген Қазақстанда қазір бұл сала кібіртіктеп тұр. Табиғаты жұмсақ, бір ғана Жетісуде ілкіде 30 мың гектар жерде қант қызылшасы өсіріліп, әр гектарынан 360-400 центнерден тәтті түбір жиналып, миллион тоннадан астам өнім қант зауыттарына өткізілген кездер болыпты.
Қазір бұл күндер сағымдай бұлдырайды. Бұрын қазақ жерінде қызылша алқаптары да, одан шақпақ қант жасайтын қант зауыттары жететін еді. Осы күні бәрі қаңырап қалды. Не себеп?
Қуаныш Қанатұлы, тілші:
Бұл - Нұрмолда Алдабергенов ауылындағы батырлар аллеясы. Бұл жерде еңбекқорлығымен Еңбек ері атанған 20-ға жуық тұлғаға ескерткіш орнатылған. Олардың басым бөлігі қант қызылшасының көрсеткішін еселеп, өз заманында рекордтық өнім жинаған жандар.
Екі мәрте Социалистік Еңбек ері Нұрмолда Алдабергенов басқарған ұжымшар еңбеккерлері 1942 жылы қант қызылшасының әр гектарынан 365 центнер өнім жинады. Ал қант қызылшасы егілген жеке тәжірибе учаскесінің әр гектарынан 834 центнер алды. Ол кезде облыс бойынша тек қана 30 мың гектар жерге қант қызылшасы себілетін.
Ал қазір, қант қызылшасы алқабының жағдайы былай: Егер 2010 жылы шаруалар 14 000 гектар алқапты игерсе, 2011 жылы 13 мың гектарға қызылша септі. 2012 жылы алқап тағы 2 мың гектарға азаяды. Ал былтыр 4800 гектар болса, биылғы көрсеткіш одан төрт есе кем.
Тоқтарбек Төлепбергеновтің қант қызылшасымен айналысқанына 40 жылдан асты. Осы қырық жылда аста-төк өнім алған күндер болды, өнім алмай қалған кездер де болды. Бірақ соңғы бірнеше жылда былай қиналамын деп ойлаған жоқ.
Бұл жердегі басты мәселе өнімді өткізу. Қант зауытының талаптары тым күшті. Өте арзан бағамен сатып алады. Өнімді зауытқа жеткізіп беру керек. Шаруаны шаршатып шығынға батыраты да осы.
Тоқтарбек Төлепбергенов, шаруа қожалығының жетекшісі:
Зауыт бізге қарай жүрсе, біз зауытқа емес. Сондай бір жағдайлар жасаса. Енді дәл осындай зауыттың көзқарасымен біз енді қызылшаны тоқтатуға мәжбүрміз деуге болады. Қазір соған келдік. Азайттық жер көлемін. Оның өзі көңіл қимастықтан. Әйтпесе, осыған қазір сондай бір қызығушылық жоқ.
Зауыт демекші, кезінде Алматы облысында 5 қант өңдейтін зауыт жұмыс істеді. Қазір олардың бәрі де тоқтап тұр. Мәселен, Ақсу қант зауыты 2008 жылдан бері жұмыс істемейді. Кәсіпорын иелері несие алып, зауытты кепілдікке қойған.
Қарызын қайтармады, қазір өндіріс нысаны банк меншігінде. Бірақ, аудан басшылары зауыт жұмысын жандандырудың жолдарын қарастырып, инвесторлар іздестіруде
Қаһарман Тілемісов, Ақсу ауданы әкімінің орынбасары:
Америкалық фирмалар, швейцариялық фирмалар бір-екі айдың көлемінде бір жағына шығып қалуы керек. Негізі олар келісіп жатыр. Зауыт жүретін болса, халыққа жұмыс болар еді. Халыққа әсіресе, Ақсу мен Сарқан аудандарына көп көмек болар еді.
Тағы бір зауыт Көксу ауданында орналасқан. Бұл зауыт та былтыр жұмысын тоқтатты. Өнімін сонау Жамбыл облысына тасып, өңдейді. Биыл да солай жасайтын түрі бар.
Тынышбай Досымбеков, облыс әкімінің орынбасары:
Көксу қант зауытын неге жүргізбедік десек, біріншіден, қазір кадр тапшылығы бар. Екіншіден, зауыт мазутпен жұмыс істейді. Ал мазут мәселесі қазіргі кезде өте қиын. Сондықтан, қазір тасып әкелгеннен гөрі теріп Меркеге апарса, ол жақта газбен өңделеді, бұл бізге әлде қайда тиімді, деп сол бағытқа көшті.
Жалпы, облыста қант қызылшасын өсіру технологиясы сонау Кеңес үкіметі кезінен келе жатыр. Сондықтан, өнім өткізуден бөлек, шаруалардың басқа да проблемалары жеткілікті. Техника ескірген. Заманауи комбайндар алуға қызылша өсірушілердің жағдайы келмейді. Қолда бар техниканың жыртығын жамап, бұзылғанын түзеп тығырықтан шығуға тырысып келеді.
Ерболат Қалимолдин, механизатор:
Кеңес үкіметі тарағаннан бері қалған техникалар ғой. Соны құрастырып, жинастырып алғанбыз. Бұл - «Енисей» комбайны ғой. Бұған «Ниваның» да сайманын құрастырып, салып жатырыз.
Қуаныш Қанатұлы, тілші:
Алматы облысындағы қант қызылшасымен айналысатын шаруашылықтар қазір бұл сала тиімсіз деп, өз арнасын басқа салаға бұрып отыр. Олар бүгінгі таңда өнімділігі жоғары, шығыны аз соя дақылын өсіруге кірісті. Соя дақылын сатып алушылар да жетіп артылады.
Арын Күрішбаев, Бақалы ауылының әкімі:
2008 жылы Бақалы ауылдық округі бойынша 330 гектар қант дақылын сепкен болатынбыз. Ол кезде салыстырмалы түрде айтсақ, соя дейміз ғой қытай бұршағы 500-600 гектар көлемінде болған. Бүгінгі таңда 105 гектар қант қызылшасын септік. Ал соя дақылы 3600 гектарға шығып кетті.
Егер осы қарқын жалғасатын болса, Жетісу жерінде қант қызылшасы құрдымға кетеді. Демек, отандық нарыққа қажет қант үлесі азайып, шетелдің өніміне тәуелді боламыз.
Алматы облысына іссапармен келген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бұл мәселеге қатты мән берді. Мән беріп қана қоймай, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыс басшыларына тығырықтан шығу жолдарын ұсынуды тапсырды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз қазір қант шығаратын шикізатты сонау мұхиттың арғы жағынан әкеліп жатырмыз. Талдықорған облысы болған кезде, Алматы облысы болған кезде, қызылшадан қант шығаратын зауыттар болған.
Неге мемлекеттің, Үкіметтің алдына мәселе қоймайсыңдар? Қант зауыттары болмаса, қызылша өспейді. Жақсы бағамен қантты сатып алмайынша, көмектеспейінше болмайды. Сонда біз Кубаның шикізатына тәуелді болып отырамыз ба?
Қант қызылшасын өндіру технологиясын түбегейлі өзгертпей жағдай оңалмайды. Шаруалар осы салада әлі де еңбек етуге дайын. Тек оларға қолайлы жағдай туғызу керек.
Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ