ЕЭО-ның құрылуы салық жүйесіне қандай өзгеріс әкеледі? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ЕЭО-ның құрылуы салық жүйесіне қандай өзгеріс әкеледі?

13.04.2014
ЕЭО-ның құрылуы салық жүйесіне қандай өзгеріс әкеледі?
Интеграциялық процестерге қатысты көрермендер сауалының бір парасына мамандардан тиісті жауап та жиған едік. Сонымен сауал сізден, жауап бізден! Бірінші сауал Батыс Қазақстан облысынан.
 
Нұрлан Шамғалиев, «ОралВент» ЖШС-ның директоры:
Экономикалық одақтың құрылуы еліміздегі салық жүйесінің жұмысына қандай өзгерістер әкеледі?
 
Жанар Тайжанова, Қазақстан мемлекеттік жекеменшік әріптестік орталығының сарапшысы:
Жалпы, салық жүйесі ешбір елде өзгере қоймайды, соның ішінде Қазақстанда да қабылданған, осы күнге дейін қолданылып келе жатқан салық жүйесі сол қалпында қалады. Бірақ, осы қауымдастықтың шеңберіндегі елдерді алатын болсақ, әрине, әр елдің салық жүйесі әртүрлі. Салық мөлшерлемелері де әртүрлі. Мысалы үшін, қосымша құн салығы бойынша Ресейде 18 пайыз болса, бізде бар болғаны 12 пайыз. Әрине, салық мөлшерлері азая қоймайды. Оған қоса, ресейлік кәсіпкерлер соңғы жылдары біздің елге келіп, өздерінің мекемелерін ашып жатыр. Ол дегеніміз біздің елдегі салық жүйесінің жеңілірек және оларға тиімдірек екенін көрсетеді. Жалпы, үлкен өзгерістер бола қоймайды, бірақ, осы елдердегі акциз мөлшерлемелері бірыңғайлануы мүмкін және де басқа елдерден біздің елге келіп, салық төлеушілердің санының көбеюі біздің бюджетке түсетін салық мөлшерінің өсуіне оң әсерін тигізуі мүмкін.
 
Әрине, жаңа құрлым болатындықтан, экономикалық одақ туралы сауалдар өте мол. Біз керекті дегендерін екшеуге тырыстық! Сонымен, келесі сұрақ пен жауапқа назар салыңыз.
 
Медет Абылқасымов, кәсіпкер:
Қазақстанның мемлекеттік сатып алулар жүйесіне Ресей мен Беларусь кәсіпкерлері де кіре алады. Ал, біздің кәсіпкерлер мен кәсіпорындар олардың мемлекеттік сатып алу жүйесіне ене алады ма?
 
Талғат Балқияев, сарапшы, экономист:
Сұрақ түсінікті. Теориялық тұрғыдан иә деуге болады, ол проблема емес. Сондай-ақ, Ресей Федерациясы мен Беларусь Ресупбликасында осыған байланысты заң да қабылданған. Бірақ, бір кедергі бар. Бұл елдердің мемлекеттік сатып алу жүйесіне қатысқысы келетін қазақстандық компаниялар техникалық бақылау мен қойылған талаптардан өтуі керек. Өкінішке қарай, біздің бір де бір компания бұл кедергіні жеңе алған жоқ. Егер қойылған талаптың бәрін орындап, сәйкес келсе, онда қатыса алады.
 
170 миллиондық үлкен нарық кәсіпкер біткеннің ынтасын оятқанымен, оны игерудің оңай болмасы да анық. Сондықтан, біздің кәсіпкерлерге қазір жан-жақты әзірлік керек-ақ. Тағы бір сауал, Көкшетаудан келді.
 
Салтанат Мұстафина, Көкшетау қаласының тұрғыны:
Миграция күшейіп кетуі мүмкін деген әңгіме жиі айтылады. Мигранттар туралы ортақ шешім шығарылады ма?
 
Мәди Әлжан, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Көші-қон комитетінің бас сарапшысы:
Өте орынды сұрақ. Қазіргі уақытта тараптар еңбек мигранттары туралы ортақ шешімге келген жоқ. Алайда, келіссөздер жалғасуда. Алдағы мамыр айында бір ортақ шешімге келуге тиіспіз.
 
Сонымен, өзекті деген сауалдарды сұрыптап, өкілетті деген мамандардан жауап алуға тырыстық. Ал Еуразиялық экономикалық одақтың келісім құжаттары әлі талқыланып жатыр.

Хабарламаларға жазылу