МӘМС жүйесіне түбегейлі өзгеріс қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

МӘМС жүйесіне түбегейлі өзгеріс қажет

29.02.2024

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне түбегейлі өзгеріс қажет. Бұл туралы Алматыда өткен жиында айтылды. Ел арасында сауалнама жүргізген «Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қорының дерегінше, респонденттердің жартысына жуығы бұл қызметке көңілі толмайтынын айтқан.

Жүйенің жұмыс бастағанына 5 жыл болса да, әлі күнге дейін ел тұрғындарын мазалаған сұрақ көп. Дәрігерлердің жетіспеушілігі немесе біліктілігінің төмендігі, заманауи медициналық жабдықтардың жетіспеушілігі де күн тәртібінде тұрған мәселе.

Бақытжан Жолдасбекұлы, Шымкент қалалық №2 қалалық ауруханасының бас дәрігері:

Әр емханаға берілген бюджеттің шеңберінде ғана жұмыс жасайды. Мысалы, бір айда 10 млн теңге берілді ма емхананың бас дәрігері сол 10 млн теңгеге бірнеше адамды салып қою керек. Болды. Артық тексеру жасаса, МӘМС қоры оған ақша төлемейді. Міне, проблема осы жерде болып тұр.

Жеке меншік емдеу мекемелерінің басшылары да жүйенің әлі жолға қойылмағанын айтады. Жарна уақытылы аударылмай қалса, науқасқа еш қызмет көрсете алмаймыз, - дейді.

Раушан Базарбай, медициналық клиникалар желісінің құрылтайшысы:

МӘМС төлемдерін уақытылы төлей алмай қалған жағдайда, болмаса жұмыс беругі МӘМС жүйесіне ақысын төлеген кезде де олардың шотына түспеген кезде бізде ол сақтандырылмаған болып көрініп тұрады. Бір ай төлемесе де. Біз оған ешқандай қызмет көрсете алмаймыз. 

Тұрғындарды толғандырған тағы бір мәселе, жұмыссыз жүрген жандардың тегін медициналық қызмет ала алмауы. Қазір еліміз бойынша 3 жарым млн адам міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесімен қамтылмаған. Олардың бір жарым миллионы жағдайы бола тұра жарна аудармай отыр, - дейді қор басшылары. Қалған азаматтардың мәселесі қазіргі таңда қаралып жатыр.

Гүлжан Шайхыбекова, МӘСҚ басқарма төрағасының орынбасары:

2 млн халыққа біздің мемлекетіміз және қор, денсаулық сақтау министрлігі бүгінгі күні осындай ұсыныс жасап жатыр. Жергілікті әкімшілік бюджетінен соларды МӘМС жүйесіне тарту бойынша.

Барлық проблема тек МӘМС-те емес, - дейді қор өкілдері. Қордаланған мәселелерді шешу бойынша қазір медициналық сақтандыру және көмек көрсетуді біріктіру жоспарланып отыр. Өзгерістерді жақын күндері денсаулық сақтау министрі таныстырмақ.


Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу