Мобильді аударымдар: Салық кодексіне қандай өзгеріс енгізілді? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мобильді аударымдар: Салық кодексіне қандай өзгеріс енгізілді?

05.12.2021

Жұмада жұрт мәссаған деп қалған жаңалық - келесі жылдан бастап зейнетақы қорынан алуға болатын қаражаттың жеткілікті шегі өзгереді. Біржолғы зейнетақы төлемі енді 2022 жылы 1,8 яғни 2 еседей артады. Мәселен, 20 жастағы салымшының қорында бұрыңғыдай 1млн 710 мың емес, 3 млн 140 мың теңге болуы тиіс.

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының өкілдері бұл бюджет туралы заңға сәйкес, жыл сайын индекстелетін ең төменгі жалақы, ең төменгі зейнетақы және ең төменгі күнкөріс деңгейі сияқты әлеуметтік көрсеткіштердің артуына байланысты, дейді.

Алайда экономистердің пікірі бұған қарама-қайшы. Олар айналымдағы қаражаттың азаюынан деп болжайды. Өйткені осыған дейін халық 2 трлн теңгені алып үлгерді. Сәйкесінше, қордағы ақша азайды.

Үкіметтің жоспарына сәйкес, бұл қаражат халықтың 3-4 пайызына бұйыруы керек еді. Алайда әзірге пайдасына жаратқандар 2 жарым пайыз ғана. Яғни 500 мың адам. Ал қалған бір жарым пайызы алдағы 3 аптада үлгере ме жоқ па, - міне, сол себепті әр түрлі себеппен пайдаланбаған жұртшылық қатты наразы. Мәжіліс депутаты Е.Саиров фейсбуктегі парағында былай жазыпты:

Зейнетақы қорының жетімділік шегін лезде өсіріп жіберуі логикаға, ақыл- парасатқа сәйкес келмейді. Бүгінгі нарық бағасының өсіп, пандемия өршіп тұрған заманда мұндай мәселені қоғаммен келісе отырып, түсіндіру жұмыстарын кешенді жүргізіп, байыппен жасаған абзал. Бұл қадамға барғанның өзінде бірте-бірте, эволюциялық түрде қадамдар жасалуы тиіс. Мәселе салмақты түрде, қоғаммен адам мүддесі тұрғысынан әлі пысықталады деп ойлаймын.

Бизнестегі онлайн-аударымдарға салық салу туралы. Салық кодексіне енгізілген өзгерістерге сай, қарапайым айтсақ, көрсетілген қызмет пен тауарға тұтынушыдан жай ғана ақша аудартып, бірақ салық төлемеу деген болмайды. Кейбір кәсіп иелерінің ренжіп жатқаны жайы бар.

Иә, мемлекет кезінде мән бермеді. Реакция уақытында болмады. Цифрландыру, жаңа технологияларға деген көзқарасты да көрсетсе керек. Соны байқаған кәсіп иелері томпиып ғана тұтынушыларға аударым жасатып жүрді. Енді қолма-қол ақшамен ғана саудаласатындарын айтып жатыр. Алайда бұл «шешеме ерегісіп, құлағымды әдейі үсіртемін» деген сияқты. Жалпы, қолма-қол ақша талап ету -регресс. Тұтынушы оған көне қоймайды.

Дегенмен шағын бизнес өкілдері бағаны көтере бастайды, бұдан қарапайым тұрғындар зардап шегеді, пандемия екі тарапты да есеңгіретіп тастады деген «Ақ жол» партиясы. Алайда төленуі тиіс салық төленуі тиіс ғой?! Данияр Қайыртай зерттеп көрді.


Хабарламаларға жазылу