Дүмше дәрігерге не дауа? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дүмше дәрігерге не дауа?

16.02.2014
Дүмше дәрігерге не дауа?
«Дүмше дәрігердің кесірінен мүгедек болып қалыпты», «Дәрігердің қателігінен жалғыз баласынан айырылды», «Дәрігердің салғырттығынан сал болып қалды».
 
Осы күні интернетті басып қалсаң, газет-журналды ашып қалсаң, теледидарды қосып қалсаң, зар еңіреп жатқан бір жан. Әділет іздеп арызданып, адвокат жалдап, қарызданып жүрген бір пенде.
 
Қазақ қоғамын алаңдатқан бір қатер - дәрігерлердің қателігі.  Он екі мүшесі сау адамды «мерзімінен бұрын» о дүниеге аттандырып, қате диагнозбен кембағал қылып жатқандар көп.
 
Ақша бермесең, салғырт емдейтін болды, ел оларға сенбейтін болды. Әрине, көпке топырақ шашпаймыз. Қолдары алтын дәрігерлер ажал аузындағыларды аяққа тұрғызғандар бар. Бірақ, бір қарын майды шіріткен құмалақтай біліксіз дәрігерлердің көбейгені алаңдатады.Оның үстіне «Қарға қарғаның көзін шұқымайды», деген. Қателіктің соңы  өлімге соқтырса да, қылмыстық істің қозғалмай, қозғалса да, сиырқұйымшақтанып кететіні тағы бар.
 
Әрине, бұл фәниде кез-келген  пенде қателеседі. Ал, жан мен тәннің арашасы болған, «Гиппократ антына адалмыз» деген дәрігерлерге жауапкершілікті қалай күшейтпек керек?
 
Әлеуметтік сауалнама  бойынша, қазақстандықтардың 80 пайызы отандық медицинаны осал деп бағаласа, қалған 20 пайызы елдегі дәрігерлерге сенім артады.
 
Сондай-ақ, соңғы жылдары шетке шипа іздеп шығатын қазақтардың да саны артқан. Жыл сайын отандастар шетелде емделу үшін 200 миллион доллардан аса қаражат жұмсайды екен. Осылайша, қыруар қаржы өзгенің экономикасына кетіп жатыр.
 
Басы ауырып, балтыры сыздамайтын пенде жоқ. Ондай кезде ем тілеп, емініп, дәрігердің алдына барамыз. Бірақ, шипа сұрайтын дәрігерің  дертіңе дерт жамаса, қайтпек керек? Расы керек, біздің дәрігерлер жиі қателесетін болды.
 
Павлодарда екі жасар сәби шетінеп кетті. Меңсұлудың диагнозын дәрігер дұрыс қоймапты. Жай ғана іші ауырып, ауруханаға түскен бала еді, бір ай ес-түссіз жатты, ақыры ажал жеңді.
 
Гүлсара Тампишева, облыстық балалар ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары:
Бала аса ауыр жағдайда келіп түсті. Республикалық клиникалардың мамандарымен кеңесіп, қолдан келгеннің бәрін жасадық.
 
Талай науқас ажал құшты, талайы мүгедек атанды.
 
Дәрігердің қателігінен мүгедек атанғандардың бірі - Айгүл. Көкшетаулық дәрігерлер 25 жастағы Айгүлдің сол жақ омырауын сылып тастапты, ісік бар деп. Кейін жас қыздың төсінде ешқандай ісіктің болмағаны, тек ірің жиналғаны анықталған. Айгүл енді мүгедек. Дәрігерлермен соттасып жатыр.
 
Әлібек Сәбитов, Айгүлдің қорғаушысы:
Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитетінің Ақмола облысы бойынша департаментінен біздің арызымыз бойынша жауап келді. Онда аурухананың гистолог дәрігері сөгіс алды, емдеуші дәрігер мен бұған қатысы бар барлық дәрігерлерге ескерту жасалды, деген. Бірақ, біз бұл шешіммен келіспейміз. Әділдігіне жетпей тынбаймыз.
 
Бірақ, сол әділдікті іздейтіндер аз бізде. Дәрігердің қателігін бетіне басуға құқығымыз болса да, құлқымыз жоқ. Жауапсыз дәрігердің жазасын беру үшін жанұшырап жүргендердің бірі - Алма Сапарбаева. Ол дәрігердің салғырттығынан Сұлтан атты соқталдай ұлынан айырылды.
 
Алма Сапарбаева, Сұлтанның анасы:
Балам ауруханада қайтыс болды. Барлығы дәрігерлердің кінәсі. Жедел түрде ота жасағанда, мұндай жағдай болмас еді.
 
Алманың арманы - дәрігерлерді заң бойынша жазалау. «Сабақ алады, өзгенің ұлына өз ұлындай қарайтын болады», дейді.
 
Алма Сапарбаева, Сұлтанның анасы:
Ақша беріп, таныстарың арқылы ғана аман қалады екенсің. Менің соған көзім жетті. Балам жансақтау бөлімінде 10 күн жатты, 10 күнге де ақша төледім.
 
Білімсіз дәрігерді қай елде де басынан сипай қоймайды. АҚШ, Германия, Голландия, Қытай сынды елдерде медицина қызметкерлерінің жауапкершілігіне заң тұрғысынан қатаң қарайды.
 
Ал, бізде заң  «жұмсақ». Дүмше дәрігерге деген жаза енді қатаңдана түседі. Бас прокуратура дайындаған Қылмыстық Кодекс Мәжіліске жетті.
 
Иоган Меркель, ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары: 
Президенттің тапсырмасымен бұл Кодексте медициналық қылмыстарға жеке бөлімді арнадық. Баптарды кеңейттік, халықаралық стандартқа жақындаттық. Егер дәрігері науқасты өлімнен алып қалу үшін қолында барын жасамағаны дәлелденсе, онда кісіні қасақана өлтіру бабы бойынша жазасын тартады. Яғни, бұл құжатта жаза бұрынғыдан әлдеқайда күшейтілген.
 
Мәжілісмен Нұрлан Мәжитұлы жаңа құжатты толығымен қолдайды. «Жаза қатайса, қате азаяды», дейді депутат.
 
Нұрлан Әбдіров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: 
Жазалары Әкімшілік Кодекске қарағанда, қатаң. Себебі, Қылмыстық Кодекспен көрсетілген. Салықтары   5 немесе 10 айлық есептік көрсеткіш болатын болса, қазір 200-300 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде. Ал тұтқындау алты айға дейін көрсетіліп отыр.
 
Енді дәрігердің қателігі бір адамның өліміне әкеліп соқса, ақ халатты бес жылға дейін абақтыға қамалады. Бұрын бұл жаза 2 жыл болатын. Ал, 2 не одан да көп науқас сауатсыз дәрігердің қолынан қаза тапса, онда ақ халатты 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылмақ.
 
Нұрлан Әбдіров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: 
Дәрігер өз қызметіне салғырт қарап, адам өлімі жағдайына жол берсе, 5 жылға дейін сотталады. Бұрын мұндай жаза болған жоқ еді.
 
Басынан дау арылмаған денсаулық сақтау саласын тағы бір үлкен реформа күтіп тұр. Келер жылдан бастап, ақ халаттылар аттестациядан өтеді. Сөйтіп, саланы біліксіз мамандардан тазарту жұмысы басталды.
 
Гүлмира Жангереева, республикалық білім мен дағдыларды бағалау орталығының басшысы:
Өкінішке қарай, дүниежүзіндегі бірде-бір ел дәрігерлік қателік мәселесін түбегейлі шеше алмай отыр. Бірақ, оның көрсеткішін барынша төмендету үшін жұмыс істеп жатырмыз. Медициналық қызметкерлердің әлсіз тұстарын анықтап, қайта оқыту арқылы олардың кәсіби тәжірибесіндегі олқылықтарды  азайтпақпыз.
 
Жаппай айыптау, қаралау - бізге мақсат емес. Бас ауырып, балтыр сыздаса, лажсыз дәрігердің алдына барасың. Бірақ, солардан жауапкершілікті де сұрап қойғанның айыбы жоқ. Өйткені, науқас ауруханаға тек үмітпен барғысы келеді, күдікпен емес.
 
Гүлжан МАРҚАБАЙ 

Хабарламаларға жазылу