Қытай үкіметі Бейжіңде өрт қауіпсіздігін тексеру мақсатында 40 күндік «арнайы операция» бастады. Оған қарашаның 18-де Даксинь ауданындағы апартаменттердің бірін от шарпып, 19 адамның қаза табуы себепші.
Операция барысында Даксиньде бірнеше ғимарат құлатылды. Олардан талай адам күшпен көшірілген. Ал, «Reuters» мәліметінше, қала бойынша бұл науқаннан жүздеген мың үйсіз жан немесе жұмыссыз тұрғындар зардап шексе керек. Қала басшылығы «арнайы операцияны» мигранттар санын азайту үшін жүргізіп жатыр деген болжам бар. Адамдарды үйлерінен шығару үшін электр қуаты мен су беру тоқтатылған.
Айта кетсек, қыркүйекте Бейжіңнің ұзақмерзімдік даму жоспары жарияланды. Оған сәйкес, Қытай астанасының қазіргі 22 миллион халқының саны 2020 жылы 23 миллионнан аспауы керек. Өйткені, мұнда су тәрізді табиғи ресурстарды үнемдеу қажет болып отыр.
Арыстан РЫСБЕК