Өскемендегі аттракциондар тексеріліп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өскемендегі аттракциондар тексеріліп жатыр

18.05.2021

Өскеменде арнайы комиссия аттракциондарды тексере бастады. Таяуда «Металлург» саябағына келген демалушылар әткеншектің бірін телефонына түсіріп, әлеуметтік желіге салған. 

Көпшілік саябақтағы аттракциондардың техникалық жағдайы сын көтермейді деп санайды. Биікке көтерілетін кей қондырғылардың солқылдап әрең тұрғаны анық байқалады. Алайда кәсіпкерлер тұрғындардың шағымымен келіспей отыр. Олардың айтуынша, аттракциондар саябақ ашылғанға дейін техникалық тексеруден өткен. Десе де, арнайы комиссия алғашқы күні-ақ бірқатар кемшілік анықтады. Кейбір аттракциондарда балалар жұмыс істеген. Оқыс оқиға болған жағдайда адамдарды құтқару жөніндегі нұсқаулық, ойын қондырғыларын жалдау құжаттары да дұрыс болмай шықты. 

Жақсылық Омар, Өскемен қаласының әкімі:
Саябақтың тұрған жері мемлекеттікі, ал ішінде тұрған аттракциондар - жекеменшіктікі. Сот шешімі бойынша, оларды әкету керек. Алып кетсе, халықтың демалатын, баратын орны азайып қалады. Сондықтан біз шешім қабылдадық, қазір мына аттракциондардың бәрін тексереміз. Қайсысы жұмыс істеуге лайықты сол істейді. Бірақ барлық талаптарға сай жұмыс істеу керек.

Берік Көшербай

Хабарламаларға жазылу