Басты Жаңалықтар Өңір жұртына үлгі болып отырған Әбілдаевтар биылғы «Мерейлі отбасы» байқауында үздік шықты

Өңір жұртына үлгі болып отырған Әбілдаевтар биылғы «Мерейлі отбасы» байқауында үздік шықты

 

Жұбайларды жарастырған жан! Ақтөбелік Бибігүл Әбілдаева соңғы он жылға жуық уақыт ішінде, сенсеңіз, ажырасқан мыңға жуық отбасыны қайта қосып, ізгілікті іс атқарған. Бастысы, ол бұл жұмысын тегін, шын ниетімен атқарып келеді. Өзі «Алтын алқа» иегері. Өңір жұртына үлгі болып отырған Әбілдаевтар өңірде ұйымдастырылған биылғы «Мерейлі отбасы» байқауында үздік шықты.

Сайлаубек пен Бибігүлдің  шаңырақ көтергендеріне 30 жылдан асқан. Ынтымағы жарасқан отбасы 7 бала тәрбиелеп өсірді. Олар «ұрпақ тәрбиесінде ұлттық құндылықтарымызды, салт-дәстүрімізді басшылыққа аламыз» дейді. Ал отбасы бақытының кілті – өзара түсіністікте.

 

Сайлаубек Әбілдаев, отағасы:

Қанша қиыншылық болғанда да, ақша бар болғанда да, жоқ болғанда да мүлдем мұңайған жоқ. Келген кезде күліп қарсы алды. Бар болсын, жоқ болсын, соған шүкіршілік етті. Соның арқасында, ауызбіршіліктің арқасында жетіп отырмыз ғой.

 

Бибігүлдің ерік-жігеріне таң қалмау мүмкін емес. Ұзақ жыл әр түрлі мекемелерде еден жуды. Қатты науқастанып қалған жолдасына қамқор болып, оның аяққа тұруына жағдай жасады. 15 жыл бойы пәтер жағалап жүрсе де жасы 41-ден асқанда жоғарғы оқу орнына түсіп, білікті маман атанды. 

 

Бибігүл Әбілдаева, Отбасын сақтау орталығының маманы:

Бара сала сол үйге, бай болғысы келеді. Бара сала өзінің алдында нардай ер азамат тұр да. Ешқандай миллиардқа сатып ала алмайсың. Мен осыны тегін түсіндірем. Біреуіне сүйектен өткізіп айтам, біреуіне жылатып айтамын. Келесі күні келіп, жолдасын ертіп келіп, екеуі қолдарын құшақтасып. Сосын олардың да әулетіндегі үлкен адамдар айтады екен, «Сендер сол апайдан барып бата алыңдар»  деп.

 

Бибігүл соңғы төрт айдан бері отбасын сақтау орталығында қызмет етеді. Әр күн сайын бірнеше шаңырақтың шайқалмауына септігін тигізеді. Оның некені сақтаудағы қызметін сот мамандары да ерекше бағалайды.

 

Алмагүл Сұлтанғалиева, Қалалық №3 соттың судьясы:

Көңілі қалған бір-бірінен, бұдан әрі отбасын сақтау мүмкін емес деген пікірмен келеді де, осы Бибігүл Әбдішүкірқызымен сөйлесіп келгеннен кейін басқаша оймен келеді. Яғни көңілдері көтеріңкі болады. Ерлі-зайыптылар бір-біріне жақсы көзқараспен қарап, «Бибігүл Әбдішүкірқызын өте ұлағатты адам екен, ақыл-кеңесі бізге сабақ болды» деп келеді.

 

Бибігүл Әбілдаева: «Отбасы жарастығы ең алдымен әйелге байланысты», - дейді. Сондықтан жас отбасыларға әсіресе, қыз бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлу қажет деген ақыл-кеңесін беріп отырады.

 

Жақсыбек КЕМАЛ

 

 

Бөлісу