Алдағы 3 жылда мың мектепте тіс емдеу кабинеті ашылады
Жаңа оқу жылы басталғалы еліміздегі 150 мектепте арнайы стоматологиялық кабинет ашылды. Бұл бастама Мемлекет басшысының балалардың қауіпсіздігін күшейту және денсаулығын қорғау жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып отыр. «Болашаққа сау тіспен» атты жоба ең алдымен қай мектептерді қамтиды? Ондағы дәрігерлер қандай көмек көрсете алады? Ернұр Медет баяндайды.
Ернұр Медет, тілші:
Жалпы адамның ауыз қуысындағы ақыл тістен өзгесі 14-16 жасқа дейін өсіп жетіледі екен. Десе де мұны дер кезінде ескермейтіндер көп. Естияр шақты еңсеріп, ер жеткенде тіске күтім жасау уақытты ғана емес, қыруар қаржыны да талап ететіні белгілі. Енді бұл кабинеттер осы олқылықты о бастан оңалтуға септігін тигізеді.
Бастама бірінші оқушы саны мыңнан асатын ірі мектептер мен «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған жаңа оқу орындарын қамтымақ.
Балаларға стоматологиялық көмек міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі есебінен тегін көрсетіледі. Мұндағы мамандар қарапайым тісжегілерін, басқада асқынбаған ауруларды емдейді. Сондай-ақ дерттің алдына алу бойынша профилактикалы жұмыстар да жүргізеді.
Индира Басманова, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі департаментінің бас сарапшысы:
Жалпы әрбір мектеп алғашқы медициналық санитариялық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымына бекітіледі. Сол ұйымдардың штатынан мамандар тартылады. Қазіргі таңда елімізде республика бойынша 9 мыңнан астам дэнтисттер бар. Сондықтан кадр тапшылығы жоқ.
Соңғы жылдары елімізде ауыз қуысы ауруларының артқаны байқалады. Жасөспірімдер арасындағы тіс кариесі таралуы 2016 жылы 75%, 2021 жылы 86, ал былтыр 87 проценттен асқан. Ал оны емдету жұлдыру, салдыру сынды шаруалар шамадан тыс қымбаттап кеткен шақта жаңашылдыққа ең бірінші ата-аналар қуанды.
Жаңа кабинеттер толық заманауи құрылғылармен жабдықталған. Рентген аппараты да бар. Дәрігерлер баланың тісін тез тексеріп, нақты диагноз қоя алады. Қазіргі таңда елдегі 150 мектепте арнайы емдеу бөлмелері ашылды. Жыл соңына дейін олардың саны 240-қа жетпек.
Жұлдыз Рахметова, Кемел Ақышев Атындағы №69 мектеп-гимназиясының директоры:
Бұл жерде жергілікті аймақта орналасқан бір-ақ емхана бар. Ол емханда үлкендерде кішілерде емделеді. Сондықтанда бұл мәселе ең бірінші балаларға тез арада көмек беруді шешеді. Стомотолгтар мұнда күнде отырады. Жұмыс тәртібі бізбен бірдей.
Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, Финлияндия, Ұлыбритания және Жапония сынды дамыған елдер де осыған ұқсас жобалар қолға алынған. Себебі тіс аурулары асқазанға, бауыр мен бүйрекке тіпті асқынса жүрекке зақым келтіреді екен. Сондықтан жаңа бастама салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған үлкен қадам,-дейді мамандар.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
