Басты Жаңалықтар Президент Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі жоспар қабылданды

Президент Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі жоспар қабылданды

Үкімет Президент Жолдауын жүзеге асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын мақұлдады. Мемлекет басшысы Жолдауда елімізді дамудың жаңа деңгейіне көтеру үшін жүйелі шаралар кешенін қабылдауды тапсырған. Үкіметтің алдына экономикаға, агросекторға және логистика мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектіні енгізу бойынша нақты міндеттер қойылған. Құжатты Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин таныстырды. Үкімет басшысы барлық жауаптыларға сапалы жұмыс істеуді және қаржы мәселесін шұғыл шешуді тапсырды.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

Біз Президенттің инвестициялық ахуалды жақсарту, негізгі салаларды жаңғырту, мемлекеттің тиімділігін арттыру және мұқтаж адамдарды әлеуметтік қамсыздандыруға бағытталған стратегиялық бастамаларын іске асыру үшін нәтижелі шаралар қабылдаймыз. Жаппай цифрлық трансформация, экономиканы жаңғырту және адам капиталын нығайту арқылы еліміздің орнықты дамуын қамтамасыз етуіміз қажет.

Президент жолдауында жол қауіпсіздігі саласына да ерекше назар аударған. Жыл сайын 2 мың қазақстандық жол апаты кезінде қаза тауып, 20 мыңнан астамы түрлі жарақат алады. Ішкі істер министрінің орынбасары негізгі себептерін атап, қабылданып жатқан шараларға тоқталды. Олардың ішінде дрондармен бақылау, камералардың санын арттыру, инфроқұрылымды дамыту, көліктердің техникалық сапасы мен жүргізушілерді дайындау стандарттарын қатаңдату да бар. Солардың ішінде электр самокаттарының қозғалысын ретке келтіру мәселесі ерекше аталды. Олардың жаяу жүргіншілер жолағымен жүруіне толық тыйым салынуы да мүмкін.

Қайсар Сұлтанбаев, ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің төрағасы:

Самокат жүргізушілері жол ережесін бұзған кезде оларға шара қолданамыз. Және самокат иелері шерингтік компаниялар өздерінің самокаттарына тиісті бақылауды жасамауына байланысты шаралар қолданылуда. Біз тағы да ұсыныстар жасаудамыз. Заңдарға біраз өзгеріс енгізу үшін. Самокаттардың жылдамдығын бақылау, я болмаса ол самокаттарды кім алды? Қайда жүр? Қалай жүр? Соларды бақылайтын шараларды шерингтік компаниялар қабылдауы керек деп есептейміз.


Бөлісу