Алматы облысының Алғабас ауылында Жастар саябағы ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысының Алғабас ауылында Жастар саябағы ашылды

16.07.2019

Алматы облысының Көксу ауданына қарасты Алғабас ауылында Жастар жылына орай Жастар саябағы ашылды. Мәдени, ойын-сауық кешеніне тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жастар комитетінің тізгінін ұстап, Көксу ауданын басқарған Батыржан Оңғаровтың есімі берілді.

Аудан мен өңірдің дамуына үлес қосқан арда азамат 90-шы жылдары 34 жасында опат болды. Жаңа демалыс орны 350-дей түтіні бар елді мекеннің сәулетті кешеніне айналды. Саябақ құрылысына қаражатты ел азаматтары, ауыл халқы жұмыла жинап, аз ғана уақыт ішінде пайдалануға берді.

Кешеннің салтанатты ашылуына Мәжіліс депутаттары, Халық қаһарманы Айдын Айымбетов, қоғам және мәдениет қайраткерлері арнайы келді. Бұл саябақта аға буын серуен құрып, жастар тынығып, ойын балаларының уақытын әсерлі өткізуіне барлық жағдай қарастырылған.

Досхан Жолжақсынов, Қазақстанның Халық әртісі:

Саябаққа келгендер Батыржан ағамыздың аты-жөнін біліп қана қоймай, өнер жолын, оның ұстаған ұстанымын, артында қалған ұл-қыздарын, ұрпағымен таныса келе, олар да өзінің көкірек көзін, аясын кеңейтеді деп ойлаймын.

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу