ОҚО-ның Шолаққорған ауылында «Тәуелсіздік саябағы» ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ОҚО-ның Шолаққорған ауылында «Тәуелсіздік саябағы» ашылды

14.12.2017

Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ ауданының тұрғындары үшін биылғы Тәуелсіздік мерекесі ерекше тартулармен есте қалғалы отыр. Шолаққорған ауылында елдігімізді ұлықтайтын «Тәуелсіздік саябағы» ашылды. Тарихи мәнге ие мемориалдық кешенге мемлекеттілігімізді айшықтайтын басты құндылықтарымыз - Ту, Елтаңба орнатылып, егемен ел болып қалыптасу кезеңінде айтылған Елбасының сөздері жазылған. Сондай-ақ, бұл күні аймақта балабақша, спорт алаңдары секілді бірнеше әлеуметтік нысан ел игілігіне берілді. 

Екі гектардан астам жерді алып жатқан саябақтың қақ ортасына Тәуелсіздікті айшықтайтын алып монумент орнатылды. Онда төңірегіне мейірім шуағын төккен Ана мен Бала бейнесі бедерленген. Жоғары жағында Жер шарын аялай ұшып көгершіндер қалықтап барады. Ал, 30 метрлік тұғырға орнатылған көк Туымыз еліміздің еңселі екенін танытып тұр. 

Мақсат Қарғабаев, Шолаққорған ауылының тұрғыны:

- Еркіндігіміздің, егемендігіміздің, жарқын болашағымыздың айқын парағы, айқын беттері ашылғандай болып отыр. Тәуелсіз, жас мемлекетіміздің азаматтарының ертеңгі күнге деген сенімі, болашағы, келешек ұрпақтардың бойына қуат, серпін, дем бергендей.

Сондай-ақ, мереке күні ауданда екі бірдей балабақша ашылды. Шолаққорған ауылындағы бөбекжай 75 балаға шақталған. Ал, Созақ ауылындағы қос қабатты балабақша 100 орындық. Мұнда балалар үшін барлық жағдай жасалған. Жатын бөлмесі, асхана, дәрігерлік пункт, ойын алаңдары да талапқа сай.

Балабақшаларда оқу-тәрбие ісі он екі жылдық білім жүйесіне негізделген. Ал, тәлім беру бағдарламасында ұлттық педагогикаға басымдық беріліп отыр.

Ақмарал Нәметханова, Шолаққорған ауылының тұрғыны:

- Бұрын балаларымызды алыс балабақшалараға апаратынбыз. Қазір немеремізді осында алып келіп отырмыз.

Осылайша, Созақ ауданында балабақшалар саны биыл 43-ке жетті. Соның арқасында мектеп жасына дейінгі балалардың 85 пайызы балабақшада өрелі тәрбие, өнегелі тәлім алып жүр.

 

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу