Сарыарқа магистральды газ құбырын тарту жұмыстары жыл соңында аяқталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сарыарқа магистральды газ құбырын тарту жұмыстары жыл соңында аяқталады

05.07.2019

Ел экономикасы үшін маңызы зор «Сарыарқа» магистарльды газ құбырын тарту жұмыстары  жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. Оның жалпы ұзындығы мың шақырымнан асады. Магистральдың басым бөлігі Қарағанды облысы арқылы өтеді. Қазір құрылыс жұмыстарының тең жартысы атқарылды. Шамамен, 2200 адам еңбекпен қамтылып отыр.  Елбасы бастамасымен қолға алынған жобаны «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы жүзеге асыруда.

«Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Нұр-Сұлтан» бағыты бойынша салынатын «Сарыарқа» магистральды газ құбырының қазір тең жартысы тартылды. Игі жоба келешекте 3 миллион адамды көгілдір отынмен қамтамасыз етуге жол ашпақ.

Ілияс Қыстаубаев, «АстанаГаз ҚМГ» АҚ өкілі:

Қазіргі таңда 531 шақырым дәнекер жүргіздік. Бұл жобаның 50 пайызын құрайды. Жобаға 2200-ден астам адам және 800 арнайы техника тартылған.

Мамандардың айтуынша, құбырды дәнекерлеу жұмысы әлемнің озық технологиясымен жүзеге асуда. Ол үшін Америкадан арнайы қондырғылар алдырған.

Ибрагим Сапарбаев, бригадир:

Мынау жаңа технология, автоматтандырылған. 7 минутта екі құбырды қосады. Тәулігіне 8 шақырым жүріп отырамыз.

Жобаға сәйкес, болашақта құбыр бойындағы 5 ірі қала мен 119 елді мекенге көгілдір отын тартылады. Шамамен, 6 ай от жағатын бұл ауылдардың барлығы дерлік газға көшкен кезде, өңірдің экологиялық ахуалы да күрт өзгермек. Ең бастысы, құрылыс жұмыстарына 2200 адам тартылған. Олардың арасында жергілікті тұрғындар да бар.

Талғат Кәрімов, инженер-монтаждаушы:

Жұмыс жақсы. Осы компанияда мен 2008 бері жұмыс істеймін. Табыс жағынан жақсы. Айлықты уақытында беріп тұрады. Жататын жері, тамақ барлығы жақсы.

Магистральды құбыр тартылған соң, 2020 жылдан бастап газды үйді-үйге жеткізу жұмыстары басталады. Ол үшін көгілдір отын тарататын 5 бірдей станция салынбақ.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

 

 

 

 

 

Хабарламаларға жазылу