Басты Жаңалықтар Ақтөбе облысы аумағындағы «Самара-Шымкент» тас жолымен жүрген жолаушылар полицейлердің әрекетіне таң-тамаша болды

Ақтөбе облысы аумағындағы «Самара-Шымкент» тас жолымен жүрген жолаушылар полицейлердің әрекетіне таң-тамаша болды

Тәртіп сақшылары оларды жол бойынан бауырсақпен, ұлттық сусындармен қарсы алып, қонақжайлық танытты. Осылайша олар көлік жүргізушілерін жолда абай болуға шақырды. Себебі, жол апаты салдарынан қаза тапқандар саны өңірде еселеп артып отыр. Тек жыл басынан бері республикалық маңызы бар автожолдарда 26 адам қаза тапқан.

 

Қазір біз тұрған «Самара-Шымкент» тас жолында жол апаттарынан көз жұмғандар саны өткен жылдармен салыстырғанда 50 пайызға артқан. Тек биыл жыл басынан бері 11 адам қаза тапқан. Олардың бәрі шете ел азаматтары. Сондай-ақ, 63 адам әр түрлі дене жарақаттарын алған.

 

Полицейлердің шараны осы жол бойында өткізуінің де себебі – сол. Жолаушылар ұлттық киім киіп, бауырсақ ұсынып қарсы алған қыздарды көргенде тосылып қалып жатты. Құқық қорғаушылар оларға халықаралық көлік дәлізінің қауіпті аумақтары мен қай жерлерде жақсы демалыс орындары бар екенін айтып берді.

 

Абзал Шотанова, облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары:

 

Шет ел азаматтарын тоқтатып, түсіндіру, алдын алу жұмыстарын жүргіземіз. Қолдарына брошюралар береміз. Қай учаскеде жол-көлік оқиғалары болып жатқанын, соны ескертіп, алда дем алатын жерлерді белгілеп отырмыз. Соған ұсыныс беріп отырмыз.

 

Арнайы тігілген шатырда дәрігерлер жолаушылардың қан қысымын өлшеді. Ал, жол сақшылары азаматтардың сұрақтарына жауап берді. Бұл жол бойымен Өзбекстан, Ресей және Қырғызстан азаматтары көп өтеді. Олар біздің елдегі жол бойындағы қызмет көрсету орындарының жоғарғы деңгейде екеніне ерекше тоқталды

 

«Самара-Шымкент» тас жолында жол-көлік оқиғаларының кенеттен көбейіп кетуі полицейлердің өздерін де ойландырып отыр. Олар жол апаттары негізінен жүргізушілердің ұйықтап кетуінен болатынын айтады. Бір жыл бұрын автобустағы 52 өзбек азаматы да дәл осы жол бойында өртеніп кеткен еді.

 

Жақсыбек КЕМАЛ

Бөлісу