Алматы облысының Талғар ауданында 850 мың шаршы метрлік тұрғын үйлердің құрылысы басталды. Биыл мемлекеттік бағдарламалар аясында 60 пәтерлі үй пайдалануға беріледі. Ал, Жетісу аймағында қазір 145 мыңнан астам адам баспана кезегінде тұр. Енді осы кезекті азайту үшін өңірде «Нұрлы жер», «Нұрлы жол», «7-20-25» бағдарламасына сәйкес, бірнеше кешен салынып жатыр.
Талғар - Алматыға жақын орналасқан аудан. Өңірде халық көп. Қазір мұнда 3 мыңнан астам азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Ал, салынып жатқан баспаналар әуелі көпбалалы, тұрмысы төмен отбасыларға беріледі. Сондықтан облыс әкімі Амандық Баталов бастаған топ алдымен осы құрылысқа жауапты мердігерлермен кездесіп, жұмысымен танысты.
Амандық Баталов, облыс әкімі:
- 850 мың шаршы метрлік тұрғын үйдің құрылысы басталды. Оның барлығы бір жылда тапсырылмайды. Биыл екі үй берілсе, келер жылы да осы деңгейден көрінуге күш салу қажет.
Құрылыстың барысын көріп, мән-жайға қаныққан аймақ басшысы бұдан кейін Бесағаш елді мекенін аралады. Талай жылдан бері жөндеу көрмеген ауыл көшелеріне жаңадан салынған асфальттың сапасын тексерді.
Амандық Баталов, облыс әкімі:
- Елбасы мен ел Президентінің алға қойған міндеті – халық бізді іздемей, біз керісінше халықпен кездесуіміз керек. Көшелерді көрдік, тегіс асфальттаған. Жол жөндегендерге рақметімді айттым. Халық та риза.
Ой-шұңқыры көп ауыл көшелері кезең-кезеңмен жөнделеді. Бұған облыс бюджетінен 20 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінеді. Ал жергілікті билікке бірнеше рет шағымхат жазып, жөндеу көрмеген көшелерін жаңартқан бесағаштықтар атқарылған іске ризашылықтарын жеткізді.
Мақсұт Қилыбаев, Бесағаш ауылының тұрғыны:
- 10 жылдан бері тұрамыз. Бұрын жүре алмайтынбыз. Рақмет, жолды жөндеп берді.
Сонымен қатар, облыс әкімі іссапар кезінде ауданның ауызсу мәселесіне де тоқталды. Оның сөзінше, бүгінде Талғар ауданындағы елді мекендердің 95 пайызы таза су ішіп отыр. Ал қалған 4-5 ауылдың проблемасы алдағы уақытта шешіледі. Себебі 2023 жылға дейін аймақта ауызсудан тарыққан ауылдықтар болмайды.
Алмат ӘБДІРАМАН