Басты Жаңалықтар Жер кезегі жылжыр емес

Жер кезегі жылжыр емес

Жер кезегі жылжыр емес

Ақтөбеде жер кезегінде тұрғандар саны әлдеқашан 100 мыңнан асып кеткен. Қала билігі олардың барлығына бірдей облыс орталығынан жер телімі бұйырмайтынын айтады. Себебі орын жоқ. Ал бұған дейін алып үлгергендерінің арасында әлі күнге дейін инженерлік желілерге зар болып отырғандары бар. Мәселе қалай шешілмек? Жақсыбек Кемал анықтап көрді.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Қазір жер кезегіне тұрғандар саны 140 мыңнан асып кеткен. Алайда бұл сан азаяр емес. Себебі күніне 100 адам жаңадан өтініш береді екен. Ал жергілікті билік жылына он мың адамның ғана арызын қанағаттандыра алады.

Ақтөбеліктер жер телімін алу үшін он жылдан артық күтуге мәжбүр. Өйткені адам көп, кезек оңайлықпен жылжымайды. Кейбіреулер өзіне тиесілі он сотық аумақты иеленгенмен, игере алмай әлі жүр. 

Толғанай Әлішева, қала тұрғыны:

2004 жылы тұрған жерімді жоғалтып жіберді. 2006 жылы қайта тұрғызды жердің кезегіне. 2006 жылдан бері кеше, міне, 2017 жылдың ақпанында хабар алғаннан кейін айқаймен осы жердің қағазын алдым. Бірақ я свет жоқ, я жол жоқ, я мектеп жоқ, я садик жоқ.

Болат Мангуровке жер телімі Рауан ауылынан бұйырыпты. Қалаға жақын, жақсы жер болғасын, ойланбастан үй құрылысын бастап кеткен. Алайда инженерлік желілердің жоқтығы қол байлап отыр.

Болат Мангуров, қала тұрғыны:

Жарық жоқ әлі. Су, газ - ештеңе жоқ. Көрші ауылдан өз ақшасына тартып, қыста тұрып жатыр амалын тауып. Енді осы жылы күтеміз қала әкімінен.

Қала әкімдігінің өкілдері: «Соңғы берілген учаскелерге инженерлік желілерді тартып үлгермей жатырмыз. Бірақ мәселе жақын арада шешіледі», - дейді. Кезекте тұрғандар өте көп, сондықтан кейінгілеріне  жер  аудандардан беріледі. Алайда қанша адамға берілетіні  әзірге белгісіз.

Ислам Ізбасқанов, Жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының орынбасары:

Оны дәл айта алмаймыз. Ертең агломерация басталғанда белгілі болады. Қай аумақтан, кім қай жерден алатыны. Сосын 140 мың бүкіл халық жерді алмайды ғой. Керегін алады, қалғандары, мысалы, бүгінгі күні жердің жалға алу мерзімі бітіп, үйлер салмағандар сол учаскелерді қалаға қайтарып жатыр.

Қала билігі жыл соңына дейін 11 мың адамның арызын қанағаттандыруды жоспарлап отыр. 

Жақсыбек КЕМАЛ

Бөлісу