Батуттардың қауіпсіздігіне кім жауапты? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батуттардың қауіпсіздігіне кім жауапты?

27.05.2019

Қарағандыда болған оқиға көптің жағасын ұстатты. Үрлемелі батутта қауіпсіздік талаптарының сақталмайтындығы жайлы бұған дейін де айтылып келген. Бірақ әзірге нақты заң, ереже жоқ. Оның зардабын кішкентай бүлдіршіндер көріп жатыр. Қазіргі таңда Ішкі істер министрлігі жағдай толық анықталмайынша, еліміздегі барлық батуттың жұмысын тоқтатуға кеңес берді. Ал бала құқықтары жөніндегі уәкіл бұл ойын алаңын шілде айына дейін шектеу қажет деп есептейді.

Қарапайым батуттың өзі қауіпсіздік талаптарын сақтамаса, өмірді жалмайтын аждахаға айналуы мүмкін. Дәл бір жыл бұрын мамырдың 4-і күні елордадағы белгілі сауда үйінің жанындағы батут аударылып, 5 бірдей бала зардап шеккен. Ақтау мен Степногор, Қарағанды мен Павлодар қалаларында да соңғы бірнеше жылда осындай жағдайлар тіркелген.

Оқыс оқиғалар жиі болғанымен, еліміздегі бірде-бір батут арнайы тексерістен өтпейді. Бұндай кәсіп түрін ашу үшін  ешбір құзырлы мекемеден рұқсат алудың қажеті жоқ. Әкімдіктегілердің өздері де оларға сөзіміз өтпейді деп отыр.

Қасымхан Жүзенов,   Инвестиция және кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары: 

Біз тексеріс шараларын жүргізе алмаймыз. Себебі ойын-сауық орталықтардың өз келісім-шарты бар. Себебі олардың жерінде тұрғандықтан, келісім-шарт ойын-сауық орталықтарымен тұрған.

Оқыс оқиғаға байланысты елордадағы мынадай батуттардың барлығы да жинаулы тұр. Бірақ олардың нақты санын  ешкім нақты айта алмайды. Осындай кәсіпті ашу үшін жай ғана мынадай батутты сатып аласыз және белгілі бір сауда үйі немесе демалыс орталығымен келісім жасап, кәсіптің көрігін қыздыра беруге болады. Ал қауіпсіздік талаптары тек кәсіпкердің жеке ар-намысы мен ата-ананың мойнына ғана жүктеледі. Осындайда әрбір батуттың алдында тұратын мынадай ережелерге ерекше мән беруге болады. Мәселен мынадай ауқымдағы батутқа бір мезетте 10 балаға ғана ойнауға рұқсат берілген.

Ғани Қасенов те өз аймағындағы ойын алаңын әзірге жиыстырып қойыпты. Батуттар нарыққа шыққан 10 жылдың ішінде оның аймағында ешбір оқыс оқиға тіркелмеген. Желдің жылдамдығы 10 метр секундына жеткен кезде барлық батут жұмысын тоқтату керек. Қарағандыда дәл осы ережені ұстанбаған,- дейді ол.

Ғани Қасенов, саябақ директорының орынбасары:

Қараңыз әрбір батутты сатып алған кезде, онымен бірге арнайы паспорты беріледі. Яғни  құжатта барлық ереже тасқа таңба басқандай жазылған, мынадай бекітулер де көрсетілген. Қаданың өзі қара жерге бір жарым метр тереңдікке қадалып, мықтап бекітілуі керек. Күнделікті адамдар келмес бұрын бұны арнайы инженер тексеріп қабылдап алуы тиіс. Егер де бір жерінде дұрыс байланбағаны анықталса, онда барлығын қайтадан жасап шығуы қажет.

Ал бала құқықтары жөніндегі уәкіл, сенатор Сәуле Айтпаева Қарағандыдағы қайғылы жағдай болған жерде мамыр айының басында тексеріс жұмыстарының жүргізілгендігін айтады. Өрескел кемшіліктер анықталып, жергілікті әкімдікке жолданған. Алайда, олар тиісті жұмыстарды атқармаған.  Сондай-ақ ол «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына кәсібі балаларға қатысты бизнесмендермен түсіндіру жұмыстарын жүргізуді өтініп, оларды үш жылдық мораторий тізімінен алып тастау керек деп есептейді.

Сәуле Айтпаева,  ҚР бала құқықтары жөніндегі уәкіл,  ҚР парламенті сенатының депутаты:

Қазақстандағы батуттар Қытайдан әкелінген. Ал олардың сақтау мерзімі -  2 жыл. Ал былай қарасаңыз, көбісі 3-4 жылға дейін.

Батуттардың жұмысын реттеу үшін индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жаңа заңнама әзірлеп жатыр.  Бірақ құжат тек шілде айында ғана дайын болады. Яғни, батуттар маусымының бел ортасында. Жаңа құжатта кәсіпкерлер үшін талап күшейтіліп, ереже қатаңдай түсетіндігі анық  дейді бала құқығы жөніндегі омбудсмен.  Бұл саладағы бірқатар олқылықты шешуге сеп болады,- дейді ол.

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ                                                       

Хабарламаларға жазылу