Ақтөбе облысында туризмді дамыту үшін жаңа жоспар құрылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында туризмді дамыту үшін жаңа жоспар құрылды

06.05.2019

Ақтөбе облысы Қарғалы ауданының көрікті жерлеріне туристердің қызығушылығы зор. Әсіресе, көктем келісімен Қасқыр сарқырамасының басынан адам үзілмейді. Табиғат ғажайыбын көру үшін тіпті Ресей мен Германиядан әдейі келетін саяхатшылар да бар. Жалпы, бұл өлкенің туристік әлеуеті қандай?

Жақсыбек Кемал, тілші:

- Бұл - аудандағы ең көрікті жерлердің бірі. Тек осы Қасқыр сарқырамасын көру үшін жылына 3 мыңға жуық турист келеді екен. Олардың арасында алыс-жақын шет елдерден келген меймандар да бар.

Сарқыраманың атауы жөніндегі аңыздың өзі жұрттышылықты қызықтырмай қоймайды. Яғни, тасқын кезінде қасқырдың 7 бөлтірігін су шайып кеткен. Жергілікті тұрғындар: «Содан бері түн сайын бөрінің ұлығанын жиі естуге болады», - дейді. Бұл жерге күніне ондаған саяхатшы келіп демалады.

Мұхамед Байғали, саяхатшы:

- Осындай әсем жерлерге бірінші рет келіп тұрмыз. Басты себебі – жолдың қиыншылығы. Алдағы уақытта туризм жағын дамытып, осыған жол салынса, отбасымызбен жиі-жиі келуге жоспарымыз бар.

Сарқырама Ақтөбе қаласынан 120 шақырым қашықтықта орналасқан. Өкініштісі, аңғарлардағы қар түгел еріп болған соң, яғни маусым айында оның суы құрғап қалады. Сондықтан ғажайып көрініске куә болғысы келетіндер мамыр айы басталысымен осында ағылады. Олардың арасынан шетелдіктерді де жиі көруге болады.

Ел арасында «Екінші Швейцария» аталып кеткен Қарғалы ауданында көрікті жерлер аз емес. Сондықтан туризмді дамыту үшін арнайы жоспар жасалған. Мәселен, биыл Қарғалы су қоймасының жанынан демалыс орталығы салынады. Сондай-ақ этнотуризмді дамыту назарда болмақ.

Жақсат Төлегенов, Қарғалы ауданы әкімінің орынбасары:

- Туристік карта жасадық. Сол картаға сәйкес, 10 жерді белгіледік. Сол он жерге келіп, саяхаттап көреді. Қазір тағы да проект жасалып жатыр. Қарғалы су қоймасында. Ол жер туристік саяхатқа арналады.

Облыс бойынша Туризм және өлкетану орталығы тек осы ауданда құрылды. Нәтижесінде өңірдегі оқушылар көрікті жерлерге саяхат жасауға мүмкіндік алды. Ал, қазір жөнделіп жатқан Ақтөбе-Орск тасжолы аяқталса, өңірге келетін демалушылар саны еселеп артпақ.

Жақсыбек КЕМАЛ

Хабарламаларға жазылу