Алматыда Құранды жатқа оқудан республикалық байқау өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда Құранды жатқа оқудан республикалық байқау өтті

29.04.2019

Бұл - Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұйымдастырған 8-ші жарыс. Оған ел аймақтарынан іріктелген 68 қари қатысты. Ал, жеңімпазға Бас мүфти Серікбай қажы Оразұлы жеңіл автокөліктің кілтін табыс етті.

Құран жарысына 30 жасқа дейінгі қарилар қатысты. Әр өңірде өткен іріктеу турларына 558 қари өтініш білдірген. Десек те, олардың арасынан тек аймақта бірінші орын алғандары республикалық байқауда бақ сынады.

Серікбай қажы Ораз, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти:

- Бүгін біздің отандық мамандарымыз діни-ғибадаттық рәсмідерді орындауға толықтай орындай алатын дәрежеге жеттік. Ғылыми дәрежеден айтсақ, 150-ге жуық ғылым докторлары мен магистрлер, имамдар жұмыс жасап жатыр. Бұрынғыдай тапшылық жоқ,  сыртан біз бұрынғыдай миссионерлер, құран үйретуші, теологтарды шақыртуды тоқаттық.

Байқау 4 номинация бойынша өтті. Құранды толық жатқа оқу. 20 параны жатқа оқу. 10 параны жатқа оқу. Құран кәрімді мәнерлеп оқу. Айта кетейік, Алматы қалалық орталық мешітінің өкілдері мұрындық болып, соңғы 10 жылда құранды жатқа білетін 1 мыңға жуық қари дайындалған. 

Еркінбек Шоқай, Алматы қаласының бас имамы:

- Бұл байқаудың мақсаты - өскелең ұрпақтың жан-дүниесіне осы құранға деген, имандылыққа деген, өзіміздің ата дінімізге деген махаббаты егу, еліміздегі имандылықты насихаттау.

Қасиетті кітаптағы сүрелер мен аяттарды толықтай жаттаған 19 жастағы маңғыстаулық жас жігіт автокөлікті жеңіп алды. Сақи Сәтешов Құран кәрімнің 30 парасын мүдірмей жатқа айта алатындығын көрсетті. Ал, екінші орын алған адам 2 млн, үшінші орынға 1,5 млн теңге қаржылай сыйақы берілді.

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу