Ақтөбеде жатақхана тұрғындары адам шошырлық жағдайда күнелтіп жатқандарын айтып, шағымданды. 45 жыл бұрын салынған 5 қабатты ғимараттың әбден тозығы жеткен. Жергілікті билік жағдайдан хабардар болғанымен, шарасыз екенін мойындап отыр. Жатақханадағылардың жанайқайын Жақсыбек Кемал жеткізеді.
Бұл көпқабатты үйде 99 отбасы тұрып жатыр. Ғимараттың қандай жағдайда екенін сыртқы бейнесінен-ақ байқауға болады. Ал, іші тіпті адам көргісіз. Әжетханадан тараған жағымсыз иіс бөлмелерге де сіңіп қалған. Басқа барар жері жоқ тұрғындар амалсыз күнелтуге мәжбүр.
Айгүл Юсупова, тұрғын:
- Ауылға барғанда аттың қорасы бұдан да жарқырап тұрады. Бүгінгі таңда бізде 99 отбасы тұрып жатыр.
Ас үйлер мен әжетхана ондаған отбасыға ортақ. Кәріз жүйелері мен су құбырлары әбден тозғандықтан, лас су дәлізге дейін жайылып кетеді. Жертөлеге де су толған, сондықтан тұрғындар жаз бойы құрт-құмырсқамен арпалысады.
Жақсыбек Кемал, тілші:
- Әжетхана мен жуынатын бөлменің сиқы - осы. Төбеден ылғи су тамшылап тұрады екен. Тұрғындар өз күштерімен бірнеше мәрте жөндеу жұмыстарын жүргізгенімен, нәтиже аз екенін айтады.
Мұндағы тоқ сымдары да адам өміріне өте қауіпті. Тұрғындар бірнеше мәрте өрт болғанын айтады. Бөлме қабырғалары ылғи сыз тартып тұратындықтан, ауру-сырқау да көп.
Тұрғындар шағымдарын айтып қала басшылығына бірнеше мәрте барғанымен, нақты нәтиже жоқ деп налиды. Қазір қала бойынша 20-ға жуық үй апатты деп танылған. Алайда бұл жатақхана ол тізімге енбеген.
Ерлан Рамазанов, қалалық Тұрғын үй қатынастары бөлімі басшысының орынбасары:
- Ол үйге жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Былтыр «Аймақтарды дамыту» бағдарламасы бойынша жаңғырту жұмыстарын жүргізуге ұсыныс тастағанбыз. Алайда тұрғындар қарсылық білдірді. Үйдің төбесінен су ағатынын білеміз. Оған жөндеу жасайық десек, әсіресе, төменгі қабатта тұратындар ақша жинаудан бас тартып отыр.
Жатақхана тұрғындарының 40 пайызы бөлмені жалға алып тұрып жатқаны белгілі болды. Сондықтан әкімдік өкілдері бөлмелердің заңды иелерін тауып, барлық мәліметті салық органдарына бермек. Ғимаратты жөндеу мәселесіне содан кейін қайта оралатынын айтты.
Жақсыбек КЕМАЛ