Елбасы жергілікті жолдардың сапасын арттыруды тапсырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасы жергілікті жолдардың сапасын арттыруды тапсырды

31.01.2019

Аудандағы жол тақтайдай болмай халықтың көңілі толмайды. Сондықтан, жергілікті жолдардың сапасын арттырып, жаңаларын салу керек. Елбасы осы бағытта әкімдер мен тиісті министрдің бірлесе жұмыс істеуін тапсырды. Ал, республикалық трассаларға келсе, ол да аса маңызды. Өйткені, күрежолың күрсіндіріп тұрса, экономиканың дамуынан күдеріңді үзе бер. Бірақ, «Нұрлы жол» бағдарламасы ондай олқылықтың алдын алды. Қазір де айнадай асфальттың арқасында адам және жүк тасымалы жүйелі.   

Транспорт тоқтамаса экономика тоқтамайды. Сондықтан, автожол саласы қашан да алдыңғы орында. Күрежолдарды тегістеуді еліміз егемендік алғаннан бері бастап кетті. Сөйтіп, бүгінге дейін 12 мың шақырым республикалық маңыздағы жол жөнделіп әрі жаңадан салынды. Биыл тағы 4,4 мың км. асфальт төселіп жатыр. Жыл соңында 654 шақырымы ашылмақ. Бағыттардың жаңғыруына «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы оңтайлы жағдай жасалуда. Сөз басында айтқанымыз соның айғағы. Яғни, былтыр көліктік қызмет көлемі 4,6% өскен. Ал, шекара арқылы жүк өткізу көрсеткіші 6% артып, 20 млн. тоннаға жуықтады.

Жеңіс Қасымбек, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

- Екі жыл ішінде 5,5 мың шақырым жол ақылы жүйеге көшіріледі. Осылайша, жолды күтіп-ұстауға бюджеттен бөлінетін қаржы едәуір үнемделеді. Ал, 2021 жылдан бастап барлық шығындар төлем тәртібі есебінен өтелетін болады.

Әрине, республикалық күрежолдар түгел жөнделсе, ел әлуетін еселеудің кепілі. Бірақ, халықты қызықтыратыны, тұрғылықты жеріндегі жол. Облыс және ауданішілік. Ол оңтайланбай қарапайым халықтың көңілі толмайды. «Сол себепті, үйлеріне дейін тақтайдай жол төселуі тиіс», - деді Елбасы.

Мәселеге ерекше мән берілуі керек. Өйткені, қол қусырып отырмас үшін қаражаты бөлініп қойған. Биыл 150 млрд. теңгеге жетіпті. Енді тек өңір әкімдеріне тиімді игеруі ғана қалып тұр. Сонда 2020 жылға қарай жергілікті жолдардың 85% жаңаланады. Демек, үдеден шықса, көлік түгілі жүйкең де тозбайтын болады.

Нысаналы ЫҒЫЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу