Бүгін - браконьерлер қолынан мерт болған қорықшы Ерлан Нұрғалиевтің туған күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін - браконьерлер қолынан мерт болған қорықшы Ерлан Нұрғалиевтің туған күні

30.01.2019

Жапан даладағы жануарларға жанашыр болған азаматтың қаскөйлердің қолынан қаза тапқаны елді елең еткізіп, қоғам назарын өзіне аударды. Құралайдың қорғаны болған сол Ерлан Нұрғалиев бүгін 53 жасқа толар еді. Оның жер қойнына тапсырылғанына да 17 күн болыпты. Марқұмның жора-жолдастары мен достарының біразы батырдың туған жеріне барып, рухына тағзым етсе, тағы бір тобы Астанада еске алды. Өмір бойы табиғатқа шын жанашырлығын танытып, қызметі барысында қаза тапқан Ерлан Нұрғалиевке жоғары марапат берілуі керектігін айтып, үндеу жасады.

Қорықшы видеода қандай болса, өмірдегі бар болмысы да сондай еді. Ешкімнің көңіліне кірбің түсірмейтін, үнемі күліп жүретін қалпымен есте қалған.

Ғалымжан Тәуекелов, Е.Нұрғалиевтің досы:

- Бір грамм ашуы болмайтын, көзінде ыза болмайтын. Мінезі сондай жұмсақ. Сондай таза адам.

Ерлан Нұрғалиев тірі болғанында бүгін 53 жасқа толар еді. Сонда оған құрдастары құран бағыштауға емес туған күнімен құттықтауға жиылатын еді. Дегенмен, құралай қамқоршысының өмірден өткеніне 17 күн. Адалдығы мен алғырлығы үзеңгілестерінің көңілінен өшпек емес.

Ғалымжан Тәуекелов, Е.Нұрғалиевтің досы:

- Еңбек демалысына шыққанымда ұдайы құрт беріп жіберетін. Бірде офицер болып келгенімде, ол маған екі қорабын берді. «Қаттысы саған, жұмсағы қызыңа» деді. Біздің нені жақсы көретінімізді білетін. Сондай ақжүрек адам.

Спортта ғана емес, әскерде де алда болыпты. Барлау бөлімінде борышын өтеген. «Одан із суытып кету оңай емес», - дейді достары. Сол қабілетімен қорықшылық қызметінде браконьерлердің соңына түсті. Тапты. Бірақ киік үшін күресте өмірі үзілді. Марқұмның ержүректігі ескеріліп, «Ерлігі үшін» медаліне ұсынылған еді. Ал, жақындары ол одан да жоғары марапатқа лайық деп есептейді. Сондықтан Елбасыға үндеу жолдады. 

Сәруар Абраев, Е.Нұрғалиевтің бұрынғы басшысы:

- Жоғары орденге сай ғой. Кім барады мылтықтың алдына, машинаны қуып? Ешкім бара алмайды. Оған жүрек керек. Ерланның жүрегі - арыстанның жүрегіндей.

Ерлан Нұрғалиевтің қазасына қатысты қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктілер анықталып, қамауға алынған. Достарының осы мәселеге байланысты өз айтары бар.

Абзал Масабаев, Е.Нұрғалиевтің досы:

- Бұлардың ішінде 2 машина деп отыр ғой. Үшінші машина бар. Ол үшінші машинаға бензин, азық-түлік тиелген. Сондай ақпараттарымыз бар біздің. Осы қылмыстық істі біз ақырына дейін жеткізгіміз келеді. 

Аталған іс қазір министр мен Бас прокурордың жеке қадағалауында. Біз де назарымызда ұстаймыз.

Нысаналы ЫҒЫЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу