Қызылорда облысында жасөспірімдер арасында қылмыс өршіп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында жасөспірімдер арасында қылмыс өршіп тұр

28.01.2019

Былтыр кәмелет жасына толмаған 29 балаға сот үкімі шыққан. Мәселен, Арал ауданындағы кешкі мектептің оқушысы екі айда 6 қылмыс жасаған.

Қылмысқа барған жеткіншек қазір психологтар мен арнайы мамандардың күндіз-түні бақылауында. Баланың ақыл-есінде ауытқу жоқ. Жалғызілікті анасы бар, әкесі бұрын екі мәрте сотталған, жазасын өтеп жүріп қайтыс болған. Жасөспірім көбіне нағашыларының қарауында. Оған психологтардың көмегі қажет.

Санира Жанназарова, Арал аудандық Білім бөлімінің басшысы:

- Бірінші қылмыс жасалған күні біз бұл баланы мектеп директоры, психологы, бөлімнің бас маманы барып, аудандық Ішкі істер бөліміне апарып, сол жерде қолдарына табыс еттік. Ол бала қашып кеткен, біз балалар арқылы тауып алдық. Ата-анасы өз құқығын қорғау мақсатында заң талаптарын орындауымызды сұрады. Яғни, баланы қамай алмайсыздар, біз қолхат арқылы босатамыз деп. Осылайша бала 4 рет қолхатпен шығып, 2 айдың ішінде 6 қылмыс дерегін жасады.

Жасөспірім қазір девинатты мінез-құлықты балаларға арналған интернатта. Мұнда өзі секілді өмірде шалыс қадам басқан тағы 6 бала тәрбиеленіп жатыр.

Мәди Бекмағамбетов, облыстық Білім басқармасының бөлім басшысы:

- Бұл интернатқа келіп түсетін балалардың көбісі толық емес отбасынан. Өгей әке, өгей шеше қамқорлығындағы балалар келіп түседі. Әкімшілік жазалау шараларына әкеп соғатын, құқықбұзушылықты жүйелі түрде жасайтын, отбасынан өз еркімен, өз бетімен кетіп қала беретін қаңғыбастыққа, кезбелікке салынған, сондай-ақ өзге де қоғамға жат қылықтар жасайтын 11 мен 18 жасқа дейінгі балалар сот шешімімен қабылданады.

16 жастағы жігіт әкесінің көлігін айдап кеткен, қасында екі сыныптасы бар. Жүргізушінің рөлге ие бола алмауынан жол апаты болды, соның салдарынан көліктегі жас жігіттің бірі ауыр жарақаттанды. Бұл іс облыстық Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды.

Қайрат Бержанов, Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы

 - Сотталушы 18 жасқа толмаған, жасалған қылмыстық әрекеті орташа қылмыстық әрекет болғандықтан, бас бостандығынан айыру жазасын қолданбаймыз, тек бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Ол 1 жыл қадағалауда болады.

Кәмелетке толмаған балалардың ата-аналары да әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Өңірде жасөспірімдердің қатысуымен ұрлық, автокөлік айдап кету, ауыр және орташа дене жарақатын салу фактілері азаймай тұр. Бұл орайда мамандар ата-ананың жауапкершілігін күшейту қажеттігін айтады. Бір жылда бала тәрбиесіне немқұрайлы қараған 61 адам ата-ана құқығынан айырылды. 29 жасөспірімнің ісі сотта қаралды. Оның 16-сына бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалса, екі жауапкерге айыппұл салынды.

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу