Қызылорда облысында індетке шалдыққандардың 30 пайызы - бүлдіршіндер - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында індетке шалдыққандардың 30 пайызы - бүлдіршіндер

26.01.2022

Қызылорда облысында жасөспірімдер арасында коронавирус өршіп тұр. Індетке шалдыққандардың 30 пайызы 3 жасқа дейінгі балалар.

Эпидахуал мамандарды алаңдатып отыр. Жыл басынан бері 18 жасқа дейінгі 336 бала ковидке шалдыққан. Соның ішінде ауру дендеген 87 жас, инфекциялық стационарға жатқызылды. Әсіресе, жаңа туған нәрестелер мен 3 жасқа дейінгі бүлдіршіндердің өміріне қауіпті. «Олар вирусты әрең еңсереді», дейді дәрігерлер. Ал шақалақтарға індет анасынан жұғады. Бүгінгі күнге дейін 254 жүкті әйелден коронавирус анықталған.

Мая Мирзанова, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары: 
Жүкті әйелдерден туылған 27 бала бар. Осы күнде коронавирус жұқтырған әйелдерден. Оның төртеуі жансақтау бөлімінде. Яғни, өте ауыр жағдайда ем алуда. 

Павлодар облысында да коронавирус балалар арасында кең таралуда. Қаңтар айында үш есеге көбейген. Қазір 397 жасөспірім амбулаториялық ем қабылдап жатыр. Ал, 133 жеткіншек ауруханаға жатқызылды. Соңғы тәулікте аймақта 910 адам індет жұқтырды.

Эльмира Темірғалиева, денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:
Медициналық тараптан барлық емдік шаралар жасалып жатыр. Енді олардың қал жағдайлары орташа деңгейде, оның ішінде ауыр халде жатқан балалар жоқ. Жеңіл түрде өтіп жатыр, қызудың көтерілуі, тамақ ауыру, мұрын қуысының жабылуы.


Хабарламаларға жазылу