Жасөспірімдер арасында қылмыс неге өршіп тұр? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жасөспірімдер арасында қылмыс неге өршіп тұр?

12.07.2015
Жасөспірімдер арасында қылмыс неге өршіп тұр?

Осыдан он шақты жыл бұрын елдегі қылмыстың түрлері жасарып келеді дегенді естігенде, жағамызды ұстайтынбыз. Оған да етіміз өліп кетті. 

Өйткені, қазір бесіктен белі шықпаған балаларды көкала қойдай сабап тастапты, ұрлапты, қорлапты, зорлапты дегенді жиі құлақ шалатын болды. Бұл қоғамдық кесел - Президент Әкімшілігі, Үкімет пен Бас прокуратураға 2015-2017 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын жасақтауға мәжбүр етті. Олар балалар зорлығының алдын алмақ, жолын кеспек.

Жаңағы қорлық-құқайды біреулер тұрмыстық деңгейдегі проблема десе, енді біреулер тал бесіктен берілетін тәрбиенің солқылдақтығынан, дейді. Соның салдарынан салақсыған сан тағдырдың күл паршасы шығып, пенделіктен бөлек педофилья деген дерт дендеді.

Ішкі істер министрлігі: «2010 жылдың 9 айында Қазақстанда педофильдіктің 94 фактісі, 2011 жылдың осындай кезеңінде – 111, 2012 жылы 248 жасөспірімдерге қатысты зорлау және күштеп жыныстық қатынасқа итермелеу сипатындағы әрекеттер тіркелген». Соңғы жылдары тіптен көбейіп кетті.  Не істемек керек?

Қазір елімізде жасөспірімдер арасында қылмыс өршіп тұр. Ресми статистика есірткіге әуестердің 20 пайызы жастар екенін айтады. Тіпті, олардың ішінде 10 жастан аспаған балғындар да бар.

Оның үстіне, оқушылардың өз-өзіне қол жұмсау фактілері де жиілеп кетті. Жастардың жаман жолға түсуі жаныңды қаншалықты жараласа, кейде жазықсыз жасөспірімді жазатайым етіп жататындардың арасынан жасамысты көргенде, тіптен жасисың.

Бексұлтан Тұтқышев, медицина ғылымдарының кандидаты:

Педофилья «Аурулардың халықаралық класификациясында» - психологиялық аурудың бір түріне жатады.

Иә, педофилья – ауру. Олар лайт және хард - педофильдер деп екіге бөлінеді. Мамандар біріншісінен көп қауіп жоқ. Бұлар – психикасы бұзылған, өмірде көп қорлық көрген адамдар. Олар ешқашан өз қиялдарын жүзеге асырмайды.

Ең қауіптісі – хард-педофильдер. Олар өздерінің не қалайтындарын жақсы біледі, барлығын алдын-ала ойластырып жұмыс жасайды, дейді. Сондықтан, ең бірінші сақтық отбасы тәрбиесі.

Өкінішке қарай, қазіргі таңда еліміздегі отбасылардың 60 пайызы балаларын тыңдамайды екен. Яғни, оларды не мазалайды, нендей дүниеге алаңдайды деген сауалдарға сіз бен біз тым салқын қарайды екенбіз.

Мәселен, мынау осыдан бірер ай бұрын Алматыда болған оқиға. Елуді еңсерген есуас баласынан кіші бүлдіршінге жасап жатқан қылығын айтуға аузың бармайды.

Бексұлтан Тұтқышев, медицина ғылымдарының кандидаты:

Әке-шеше балаға «танымайтын адамдармен сөйлеспе», «шақырғанға барма», «кәмпит бергенге жолама»,деп үйретуі керек.  Себебі, бұрыннан педофильямен айналысқан адамдар болды, болған, болады да. Ол кастрация жаса, жасама оған қарамайды.

Келешек кемелді болу үшін кеселдің алдын алмақ керек. Дәл осылай деп шырылдаған Мәжілістегі бір топ депутаттардың балаларды зиянды ақпараттан қорғау туралы Заңды өздері жазып, Үкіметке ұсынғандарына үш жылдың жүзі болды.

Үкімет пен тиісті министрліктердің сараптамасынан өткен бұл құжат жуырда Конституциялық кеңестің де елегінен өтті. Енді сәтін салса, келер сессияда қабылданып қалуы тиіс.

Заңның мақсаты – бала санасына кері әсерін тигізетін ақпараттық өнімдерді жария қылуға тыйым салу. Әсіресе, бүлдіргі ақпарат пен қазақы болмысқа жат дүниелердің ғаламторда шарлап кетпеуіне көп көңіл бөлінбек.

Мәселен, Еуропаның 32 елінде қазір зиянды ақпараттарды таратпау турасында интернет провайдерлермен жауапты министрліктердің арасында келісім жасалған. Міне, осындай тәжірибені енді қазақ қоғамы да меңгергені абзал.

Аслан Сәрінжіпов, ҚР Білім және ғылым министрі:

Биылғы оқу жылынан бастап біз балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін бірқатар кешенді шараларды қолға аламыз. Оған жергілікті атқарушы билікте жұмылдырылады. Сонымен қоса, балалар мен ата-аналарға түрлі кеңестер беру үшін елдегі барлық мектептерге қосымша психолог мамандарды тартамыз.

Елімізде педофильдерге қатысты қылмыстық жаза күшейтілген. Мұндай қадамға барғандар бұрынырақта 7-8 жылға сотталса, қазір 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Бірақ, түйткіл осымен шешілсе қане?!

Күнделікті тірліктің күйбеңімен жүріп кейде үйдегі бала тәрбиесін ұмытып кететініміз рас. Бұл әсіресе, жұмысбасты жандардың отбасына тән. Оның үстіне балалардың үйде болсын, түзде болсын телеарналардан не көріп, ғаламторда немен айналысып жүретінін тағы қадағаламаймыз.

Міне, осы олқылықтарға олақсымасақ, бейкүнә бала бейтаныс арамзалардың алдап-арбауына түспейтін де шығар, кім білген?!

Айбек ҚОБДАБАЙ

Хабарламаларға жазылу