«Үздік жас ғалым», «Әлеуметтік маңызды инновациялар» және «Жастардың инновациялық жобасы» аталымдары бойынша үш жоба үздік деп танылып, тұғырдан көрінгендер 1 миллион теңге сыйақыны қанжығалады.
Бұл – «Үздік жас ғалым» аталымын жеңген жас ғалымдар. Шығыс Қазақстан Мемлекеттік техникалық университетінің тәлімгерлері. Бес адамнан құралған топ танталдан жасалған отандық медициналық импланттар үлгісін ойлап тапқан.
Аманжол Тұрлыбекұлы, жас ғалым:
- Қазір Қазақстанда сүйек импланттардың 100 пайызы шетелдікі. Біз мұны алмастыру керекпіз. Қазақстан халқының әл-ауқатын, денсаулығын көтеруге, жақсартуға бағытталған.
Қазір клиникалық сынақтан өткізіліп жатқан құрылғылар, сәтін салса, шетелдік нарыққа шығарылады деген жорамал бар. Қаладағы кептелісті азайту үшін көлікті жалға алуға арналған мобильді қосымша да, үздіктер сапында. Бұл – инновациялық жаңалықтар ел дамуына сүбелі үлес қоспақ. «Nurintech» байқауының діттегені де - осы. Әлбетте, марапаттаудың «Astana Hab» халықаралық технопаркінде өтуі де заңдылық.
Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:
- Елбасының тапсырмасымен құрылған IT Hab-тың негізгі мақсаты – елдің инновациялық дамуына, болашағына жұмыс істейтін жас мамандарды, ғалымдарды біріктіріп, соларға жүйелі көмек көрсетіп, олардың жобаларының дамып кетуіне жүйелі қолдау көрсету.
Айта кетейік, тағы бір новатор Халықаралық ақпараттық технологиялар университетіне грант ұтып алды. Байқау басталғалы ел аумағынан 1000-нан астам өтініш келіп түссе, іріктеуден тек үздік 30 жоба өткен. Осымен үшінші жыл ұйымдастырылып отырған шараға қатысқан жұмыстар «жасыл» энергетика, нано және биотехнология, өнеркәсіп, аргоинновация, IT, медицина, робототехника салаларын қамтиды. Байқаудың жалпы қоры – 5 млн. теңге
Армангүл ТОҚТАМҰРАТ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.