Қазақстандық дәріханалар ресейлік «Эвалар» компаниясымен тығыз байланыста - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандық дәріханалар ресейлік «Эвалар» компаниясымен тығыз байланыста

06.06.2014
Қазақстандық дәріханалар ресейлік «Эвалар» компаниясымен тығыз байланыста
Еліміздегі дәріханаларда сатылып жатқан биологиялық белсенді қоспа, дәрі-дәрмек және косметикалық өнімнің 22 пайызы «Эвалар» фармацевтикалық компаниясында шығарылады.
 
Ресейдің Алтай өлкесіндегі Бийск қаласында орналасқан бұл зауыт жылдан-жылға біздің елмен сауда-экономикалық байланысын нығайтып келеді.
 
Өткен жылы кәсіпорын Қазақстанға жалпы құны 500 миллиард рубльден асатын өнімді экспорттаған.
 
Бұл - Ресейдегі ең ірі фармацевтикалық компанияның бірі. Емдік өсімдіктерден жасалатын өнімнің 80 пайызы - биологиялық белсенді қоспалар. Қалған 20 пайызын дәрі-дәрмек пен косметикалық заттар құрайды.
 
Бүгінде осы өнім әлемнің 22 еліне экспортталып жатыр. Тауарды ең көп тұтынатын елдердің үштігінде екінші болып Қазақстан тұр.
 
Жалпы, зауыт біздің елмен алғашқы сауда-экономикалық қарым-қатынасты осыдан 10 жыл бұрын орнатыпты. Кедендегі кедергілер алынып тасталған соң экспорт көлемі бірнеше есеге артқан.
 
«Интеграцияның бұдан да басқа игілігін көріп отырмыз», дейді кәсіпорын қызметкерлері. 
 
Денис Костюков, бөлім басшысы:
Кеден одағы құрылғанға дейін біз жаңа өнімді Қазақстанда тіркеу үшін көп уақыт жоғалтатынбыз. Ал қазір, биологиялық белсенді қоспалар тізіміне қатысты талаптар бірдей. Яғни, қандайда бір жаңа өнімді өз елімізде тізімге енгізсек, ол бірден Қазақстан мен Беларусьта сатыла бастайды.
 
Зауыт Қазақстанға дайын өнімді сатумен ғана шектелмей, кейбір емдік өсімдіктерді біздің елден импорттайды.
 
Компания басшыларының айтуынша, енді Еуразиялық экономикалық одақ осы интеграцияны одан ары нығайта түседі. «Бәсекеге қабілетті өнімнің жаңа түрлерін шығаруға дайынбыз», дейді олар.
 
Лариса Прокопьева, «Эвалар» фармацевтикалық холдингінің бас директоры:
Басекелестеріміз бізді алға жылжып, одан ары дамуға итермелейді. Қазақстанның нарығына 2004 жылдан бастап кіргенбіз. Кедендік одақтың игілігін көріп отырмыз, экспорт көлемі ұлғайды. Енді Еуразиялық экономикалық одақтың арқасында осы ықпалдастық одан ары күшейеді деп білемін. 
 
Фармацевтикалық компанияда қазір 1200 адам жұмыс істейді. Ал, 2017 жылы олардың саны 1500-ге жетпек. Өйткені, сол кезде зауыт тағы бір жаңа цехты іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл жоба жүзеге асқанда, кәсіпорынның өндірістік қуаты екі есеге артады. 
 
Берік КӨШЕРБАЕВ

Хабарламаларға жазылу