Ақтаудың іргесіндегі елді мекен тұрғындары көгілдір отын тапшылығын тартып отыр. Сайын Шапағатов ауылында 100-ге жуық отбасы қысымен бүрсеңдеп, от жағудың машақатын көреді. Кейбірі тіпті көгілдір отынды баллонмен тасып, үйін жылытуға мәжбүр. Ол да оңай соқпай тұр.Себебі, газдың құны қымбат. Күніне 40 литрлік бір баллонды 2200 теңгеге сатып алады. Ал, баспанасын тоқпен жылытатындарға айына 150 -180 мың теңге төлеуіне тура келеді.
Қибат әжей секілді от жағатындар көп. Кейбіреулер баспанасын тоқпен немесе газ баллон жағып жылытады. Бұл жерге 4 жыл бұрын көшірілген тұрғындар бұған дейін қауіпті аумақта, әуе жолының астында тұрды. Қоныс аударған кезде билік инфрақұрылым жүргізуге уәде берген.
100-ге жуық отбасы талай табалдырықты тоздырғанымен, нәтиже жоқ. Амалы таусылған тұрғындар газ баллоны мен электр энергиясының құнын түсіруді сұрап отыр.
Ауыл әкімінің айтуынша, инфрақұрылым жүргізілуде. Былтыр электр энергиясы берілген. Жақын күндері су құбыры тартылады. Ал, газдың жобасы дайын. Тек, құрылысқа 2 жарым млрд. теңге қажет. Бастапқы қаржы республикалық бюджеттен келесі жылы бөлінуі тиіс.
Демек, тұрғындарға қазірден қыстың қамына кіріскен жөн. Әкімдік тек, ағаш беріп, отынмен қамти алады.
А. ОРАЛБАЙҚЫЗЫ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.