«Kagaz Shahаry» зауыты - Қазақстанды қағазбен қамтып отырған жалғыз кәсіпорын - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Kagaz Shahаry» зауыты - Қазақстанды қағазбен қамтып отырған жалғыз кәсіпорын

22.04.2014
«Kagaz Shahаry» зауыты - Қазақстанды қағазбен қамтып отырған жалғыз кәсіпорын
Қазір біздің де, сіздің де жұмыс компьютермен тығыз байланысты. Жазамыз, сосын оны қағазға бастырып шығарамыз. Студент пен оқушыға да күнделікті қағаз қажет. Оңтүстік Қазақстан облысы осы шаруаны мықтап қолға алған. Тіпті, еліміздің өзге өңірлерінен де тапсырыстар көптеп түсіп жатыр.
 
Шымкенттегі «Kagaz Shahаry» зауыты - қазір Қазақстанды қағазбен қамтып отырған жалғыз кәсіпорын. Мұнда тәулігіне 7 мың қорап қағаз шығарылады. Сұраныстың көптігі өнім көлемін арттыруға да сеп болыпты. Ашылғанына небәрі екі жылға жуықтаса да, аяғына нық тұрып, тапсырыс берушілерді өз өнімдерімен толықтай қамтамасыз етіп келеді.
 
Бүгінде шикізатты Ресей мен Фин елінен тасымалдайтын cеріктестік жылына 15 мың тонна дайын өнім шығарады екен. Енді сол шикізатты да осында дайындамақ ойлары бар. 
 
Қарсыбай Балабеков, ЖШС инженері:
Бұрын Қазақстанда қағаз шығаратын зауыт болмаған. Сондықтан, мамандар да болмаған. Қазіргі күнде соны орнына қойдық. Германиядан қажетті техника әкелдік. Мамандар келіп үйретті.
 
Қазір неміс технологиясымен жабдықталған кәсіпорында қағаздың түр-түрі шығарылады. Зауыт іс-құжаттарға қажетті қағаздардан басқа баспаханалардың да сұранысын қанағаттандырып отыр.
 
Сондай-ақ, түрлі тәттілердің қораптары да - осы кәсіпорынның өнімі. Ал, мамандар арнайы курстарда оқып, тәжірибеден өтіп келіпті. Осылайша, 40-тан астам жұмысшысы бүгінде төрт ауысыммен жұмыс істейді.     
 
Сергей Акимов, ЖШС директоры:
Жоспар бойынша 2017 жылы осы еркін экономикалық аймақтан екінші зауыт ашуды көздеп отырмыз. Онда шикізатты, яғни, қажет қағазды шығармақпыз. Себебі, елімізде онсыз да қағаздар ысырап болып, қоқысқа тасталып жатады. Соны қайта өңдеп, тағы 20 пайызына целлюлоза қоссақ, сапалы қағаз шығады. 
 
Серіктестік көршілес Ресей, Беларусь елдерімен байланысын арттырып, шикізат тасымалдау жағын дұрыс жолға қойған. «Ал, Қазақстанда әзірге төрт қаладан қоймалар аштық», дейді. Сол арқылы   саудасын дөңгелетіп отыр екен.
 
Алдағы уақытта республикамыздың өзге аймақтарынан да өз бөлімшелерін ашуды мақсат тұтып отыр. Осылайша, ел экономикасына өз үлесін қосып, пайдалы кәсіпорындардың біріне айналмақшы.
 
 
Айнұр АҚБАЕВА
 

Хабарламаларға жазылу