Ақтөбедегі Заречный-4 елді мекенінің мектебінде ІТ класс ашылды. Бұл шаһар мектептерінде іске қосылған осымен үшінші кабинет. Енді, мұнда оқушылар сандық технологияны меңгеріп, робототехниканы үйренеді.
Жоба «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында «Нұр Отан» партиясының бастамасымен жүзеге асты. Бұдан бөлек, жуырда Ақтөбеде мамандарды оқыту мақсатында ІТ орталығы ашылады. Ал, облыс орталығы мен өңірдің Әйтеке би, Алға, Темір және Ырғыз аудандарының кітапханаларында коворкинг орталығы құрылмақ. Айта кетейік, бүгін ашылған ІТ класс заманауи технологиямен жабдықталған. Әрі жоғары жылдамдықтағы интернет те бар.
Әмірхан Оразбаев, №55 орта мектептің оқушысы:
- ІТ класс ашылуда. Енді біз неше түрлі мультфильмдер немесе шағын ойындар жасай аламыз.
Сондай-ақ, Жетісу өңірінде де IT орталықтары ашылды. Облыс бойынша тағы осындай 21 сынып ашу көзделген. Мұнда екі жыл ішінде 8 мыңнан астам баланы оқытып, 50-ге жуық маман даярлау жоспарлануда. Болашақта осы IT орталықтары арқылы тың жобаларды жинақтап, жас ғалымдардың жаңа буынын қалыптастыруға мүмкіндік мол.
Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ