Басты Жаңалықтар Ауыл шаруашылығы техникасы арзандауы мүмкін

Ауыл шаруашылығы техникасы арзандауы мүмкін

Елімізде ауыл шаруашылығы техникасы арзандауы мүмкін. Өйткені нарыққа жаңа компаниялар еніп жатыр. Олардың бір сыпырасы бүгін Астанада өткен KazAgro/KazFarm-2025 көрмесінде өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынды. 300-ден компания қатысқан шараға тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес те барып келді.
Көрмеде бірден көзімізге түскен мына қытайлық компания болды. Олар тізбек жолақ техникаларға қозғалыс құралын жасап шығарады. Мұның стандартты дөңгелектен айырмашылығы топыраққа салмақ салмайды, батпаққа батып қалмайды.
София Хун, қытайлық кәсіпкер:

Біздің компаниямыздың жұмыс істеп келе жатқанына 20 жылдан асты. Бірақ Қазақстан нарығына енді аяқ басқалы тұрмыз. Бүгін 5 бірдей жергілікті шаруа қожалықтарымен келісімге отырдық. Егер сұраныс артса осында өндіріс ошағын ашуды көздейміз. Біздің өнім сапасы жағынан Еуропа елдерінікінен қалыспайды, бірақ бағасы бірнеше есе төмен.
Германия, Чехия, Австрия мен Беларусь, Иран, және Ресей елдерінің де ұлттық павильондары келушілерге есігін айқара ашқан. Бірі жаңа техникасын, енді бірі заманауи технолгиясын көпшілікке таныстырып жатыр. Мақсаты клиенттік база қалыптастырып қана қоймай, Қазақстанның нарығына кіру, бірлесіп машина жасау.
Павел Секач, Чехияның ауыл шаруашылық вице-министрі:
 Бүгінгі көрмеге Чехия Республикасынан 9 компания қатысып отыр. Біз Қазақстанмен өсімдік шаруашылығы бойынша серіктестік орнатқымыз келеді. Сондай-ақ машина жасалау бағытында әріптестікті нығайтуды көздейміз. Қазір мал шаруашылығы бойынша алыс-беріс жүйелі жолға қойылған. Бүгінге дейін чехиялық кәсіпкерлер Қазақстанға 11 мыңнан астам симментал тұқымды ірі қара жеткізді. Бұл жұмыстар жалғасады.
Көрмеге комбайндар, тракторлар, егін егетін техникалар мен дрондардың түр-түрі шығарылған. Олардың арасында отандық жетістіктеріміз де бар.
Солардың бірі мына Қостанайда құрастырылатын трактор. Қытай мен Қазақстан компаниялары бірігіп өндіретін бұл техникада 145 аттың күші бар. Жер жыртады һәм 8 тоннаға дейін жүк тасуға қауқарлы. Ең бастысы Қазақстанның климатына бейімделген. Мәселен, -40 градус аязда айдалада қалдырмайды.
Көрмеген биыл 25 елден 300-ден астам компания қатысып жатыр. Олардың басым бөлігі Қазақстан нарығына алғаш кіргелі отыр.
Шолпан Қожабаев, көрмені ұйымдастырушы:
Жыл сайын Қазақстанға өздеріңіз есептеп көріңіздер, 300 компания келеді. Биыл сол 300 компанияның ішінде 90-ны Қазақстанға алғаш келіп отыр. Сондықтан ауыл шаруашылығын дамытуда жүрген біздің кәсіпкерлерді осы көрмеге қатысуға шақырамыз.
Яғни, нарыққа жаңа компаниялар келсе, бәсекелестік болады, ал бәсекелестік болған жерде сапа жақсарады. Баға да арзандайды дейді мамандар.
Бүгінде отандық фермерлер сатып алатын әрбір 10 трактор мен комбайнның 9-ы Қазақстанда құрастырылады. Десе де аспалы және тіркемелі ауыл шаруашылығы техникаларының басым бөлігі әлі күнге шетелден әкелінеді. Қазір импорттың көлемін азайту шаралары жүріп жатыр.
Ермек Кенжеханұлы, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:
Бұл көрменің ең басты маңыздылығы - ең дамыған мемлекеттерден ең дамыған құрал-жабдықтар, жаңа технологиялар бәрі осы жерде қолданылады. Сол себептен бұл әрине біздің шаруалар үшін жаңа технологияларды ендіру, жаңа инновацияны өзіне енгізу және сатып алуға үлкен мүмкіндік береді.
Қазақстанның да ауыл шаруашылық саласында шет мемлекеттерге ұсынары бар. Мәселен, еліміз аталған саланы цифрландыру көрсеткіші жағынан алдыңғы қатарлы мемлекеттердің бірі.
Ерлан Ахмедов, кәсіпкер:
Біріншіден, егін алқаптарын цифрландырып, жүйеге енгіземіз. Екіншіден, техникаға аудит жасаймыз. Қай жерге GPS орнату керек, қай жерге қосымша датчик қою керек - бәрін есептеп, бүкіл картаға енгіземіз. Директор болсын,кез келген адам өзінің техникасының қай жерде жүргенін көре алады.
Қазіргі таңда елімізде 200-ден астам шаруа қожалық цифрландырылған. Олар жасанды интеллектіні де тиімді қолданып келеді. Сондықтан болса керек, биыл мал шаруашылығы өнімдері 4 пайызға дейін өсіп, 26 млн тонна астық астық жиналды. Ал 1 млн тонна дәнді-бұршақты дақылдар бастырып рекорд та орнатты.

Бөлісу