Басты Жаңалықтар Сыртқы істер министрі Ресейге ресми сапармен барды

Сыртқы істер министрі Ресейге ресми сапармен барды

Еліміздің Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев ресейлік әріптесі Сергей Лавровтың шақыруымен Ресейге ресми сапармен барды. Кездесу барысында екі тарап көпжылдық достық, өзара құрмет пен түсіністік дәстүрлеріне негізделген қазақ-ресей стратегиялық серіктестігі мен одақтастығының кең ауқымды мәселелерін талқылады. Сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Осы жылы 12 қарашада өтетін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Федерациясына мемлекеттік сапарына дайындық мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Ермек Көшербаев, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі:

Ең алдымен Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавровқа жылы қабылдағаны үшін алғыс айтқым келеді. Бұл менің Сыртқы істер министрі болып тағайындалғалы көрші мемлекетке алғашқы сапарым. Бұл кездесудің дәл бүгін өтуінің де символдық мәні бар. Өйткені екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына бүгін 33 жыл. Қазақстан мен Ресей стратегиялық серіктестер. Мемлекет басшылары арасындағы сенімді байланыстар екіжақты қатынастардың дамуында шешуші рөл атқарады. Жоғары деңгейдегі тұрақты диалог барлық ынтымақтастық бағыттарының перспиктивасын айқындап, бірлескен бастамалардың дәйекті ілгерілеуін қамтамасыз етеді деген үміттеміз.
Сергей Лавров, Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі:
Былтыр 24 қарашада Владимир Путин Астанаға мемлекеттік сапармен барды. Өйткені 12 айда екі ел басшысы Мәскеуде және халықаралық жиындарда бірнеше рет кездесті. Стратегиялық серіктестік пен тату көршілік қағидаттарына негізделген саяси диалогтың сабақтастығын растай отырып, екі ел көшбасшылары арасындағы ерекше қатынастары қазақ-ресей ынтымақтастығының барлық кешеніне серпін береді. Қазір Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Федерациясына мемлекеттік сапарына дайындық жұмыстары толығымен жүріп жатыр. Бұл шын мәнінде халықаралық деңгейдегі маңызды оқиға болғалы тұр. 
Тараптар өңіраралық және шекара маңы байланыстарын нығайту, сауда-экономикалық және инвестициялық өзара іс-қимылды кеңейту, өнеркәсіп, энергетика, көлік пен логистика, ауыл шаруашылығы салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін егжей-тегжейлі қарастырды. Бұл бағыттар өндірістегі байланыстарды қалыптастыруға және азық-түлік пен энергетикалық тұрақтылықты нығайтуға мүмкіндік береді. «Ресей Қазақстан үшін жетекші сауда және инвестициялық серіктес болып қала береді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша өзара тауар айналымы 28 млрд АҚШ долларынан асып, жаңа рекордтық көрсеткішке жетті. Екіжақты сауданы 30 млрд АҚШ долларына дейін жеткізу міндеті тұр. Өткен жылы Ресей Қазақстан экономикасына 4 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция салып, ең ірі инвестор атанды», - деді Ермек Көшербаев.

Бөлісу