Алдағы үш жылда елімізде 1000-ға жуық ІТ сыныптар ашылмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алдағы үш жылда елімізде 1000-ға жуық ІТ сыныптар ашылмақ

14.05.2018

Елімізде барлық саланы сандық технологияға көшіру – уақыт талабы. Білім ошақтарынан бастап мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар сандық технологияның игілігін көруі тиіс. Ақмола облысына жұмыс сапарымен барған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев өңірдің ақпараттық технология саласындағы жетістіктерімен танысты.

Мектеп-гимназиясында ІТ сыныптар екі жыл бұрын ашылды. Оқушылар мұнда компьютерлік бағдарламалардың жобаларын әзірлеп, робототехника бағытында жұмыс істеп жатыр. Енді биылдан бастап 3D модельдеумен айналысуда. Мектеп жанынан ашылған робототехника үйірмесінде 75 бала бар.

Әйгерім Бершімова, М.Ғабдуллин атындағы №3 көпбейінді мектеп-гимназиясы робототехника үйірмесінің жетекшісі:

- Біздің мектепте оқушылардың инновациялық идеяларын жүзеге асыруға ерекше көңіл бөлінеді. Соның аясында ІТ сыныптар ашылған болатын. Үйірмеміз де бар. Оқушылар қазір робототехника бағытында ізденіп жатыр. Қызығушылықтары жоғары. Бірнеше жарысқа қатысып, орындар алып та үлгерді.

Алдағы үш жылда елімізде 1000-ға тарта ІТ сыныптар ашылмақ. Сол арқылы жылына 150 мыңнан астам оқушыны робототехника іліміне баулу көзделген. Сондай-ақ, мұндай ІТ орталық университет қабырғасында да бар.

Ләззат Кәрімова, Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің проректоры:

-Бұл орталықта тыңдаушыларды ІТ технология бағытында оқытатын боламыз. Негізінен жұмыссыз жүрген азаматтарға арналған. Олар компьютерлік бағдарламалардың қыр-сырын меңгеретін болады. Оқу курстары аяқталған соң оларға сертификат беріледі.

Кәсіпкерлік салаға да сандық технологияларды енгізудің маңызы зор. Сондықтан, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жер телімдері туралы мәліметтер жинақталған бірыңғай геоақпараттық онлайн-сервисті құрмақ. Облыстағы кітапхана да сандық технологияға бет бұрған. Электронды кітап жобасының арқасында мұнда біраз жұмыс жеңілдеген. 100-ден астам көркем әдебиетті көпшілік электронды түрде оқи алады.

Мәулен Әшімбаев, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары:

- Жыл сайын барлық саланы сандық жүйеге көшірудің маңыздылығы артып отыр. Бұл – уақыт талабы. Сондықтан, біз мектептен бастап барлық ұйымдарды цифрлық технологияларға көшіруіміз керек. Осы орайда, ІТ мамандарды даярлауға да назар аударған жөн. Бүгін Ақмола облысындағы бірқатар нысандарды аралап шығып, облыста ІТ технологияны дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанына куә болдым.

Мәулен Әшімбаев жұмыс сапарының соңында «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалының активімен кездесті. Жиында партияның жобаларын жүзеге асыру, барлық салада ІТ технологияларды енгізу және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, атқарылуы тиіс шаралардың жоспары жүйеленді. 

Нұргүл НҰРБАЙҚЫЗЫ

«Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын AppStore және Play Market сервистерінен тегін жүктеп алыңыз.

 

 

 

Хабарламаларға жазылу