Барша Қазақстан халқы ел қорғаған ерлердің рухына тағзым етті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Барша Қазақстан халқы ел қорғаған ерлердің рухына тағзым етті

09.05.2018

9 мамыр – ең алдымен, ел қорғаған ерлерді еске алып, есімдерін ұлықтау, ерліктерін дәріптей түсу. Бүгін жер-жерде барша Қазақстан халқы қиян-кескі шайқаста құрбан болған боздақтардың рухына тағзым етті. Көзі тірі жеңімпаз майдангерлерімізді ыстық ықылас пен ілтипатқа бөлеп, зор құрмет көрсетілді. Бүгін Жеңістің 73 жылдығы. Мереке елордадан бастап, өңірлерде аталып өтті.

Астаналықтар мен қала қонақтары алдымен Отан қорғаушылар алаңына барды. Бейбіт күн мен берекелі тірлікті тарту еткен батыр бабаларымыздың рухына тағзым етті.

Гүл шоқтарын қою рәсімінен соң мерекелік концерт қойылды. Сұм соғыстың ызғары мен ызбарын көз алдыңа елестетін әндер шырқалды. Зұлмат жылдарда тауқымет көрген түрлі тағдырлар қойылымдарда көрініс тапты. Ал, қарт майдангерлер дастархан басында өзара емен-жарқын әңгімелесіп, зұлматты күндерді еске алды.

Түстік жұрты «Қаһарман ұлт» полкы қатарында сап түзеп, мерекелік шеруге қатысты. Шараға майдангерлерден бөлек, бес мыңға тарта адам қатысты. Ардагерлер «Даңқ» мемориалында бір-бірімен қауышты. Орталық көшені бойлай жүріп отырып, Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды. 

Оңтүстіктен Екінші дүниежүзілік соғысқа 140 мыңнан астам азамат аттанса, оның жартысынан астамы елге оралмады. Майдан даласында 51 ер ерен ерлік көрсетіп, батыр атанды. Тағы 8-і «Даңқ» орденін кеудесіне тақты.

Шерім Медеуов, тыл ардагері:

- Отан соғысы тарих бойынша барлық соғыстардың ең қияметі болды. Себебі, 20 миллион адам, 60-тан астам ел қатысты. Мұндай ғаламат соғыс болған емес. Оның ішінде Қазақстан үшін де ауыр болды.

Сырбойылықтар болса, «Тағзым» алаңына жиналып, опат болғандарды 1 минут үнсіздікпен еске алды. Өңірден 150 мың сарбаз қан майданда шайқасса, соның 60 мыңы кебенек киіп елге оралды. Бүгінде 37-сінің ғана көзі тірі.

Жеңіс күнін жетісулықтар да сән-салтанатымен атап өтті. Талдықорғанда қала тұрғындарымен қоса жеңімпаз майдангерлеріміз де «Даңқ» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, шейіт болған жолдастарының рухына тағзым етті.

Теріскей халқы да Мәңгілік алауға жиналды. Өңірден 91 мыңнан астам адам соғысқа аттанды. Оның 52-сі Кеңес Одағының батыры, ал, 11-і «Даңқ» орденінің кавалері атағын иеленді. Олардың ұрпақтары ата-бабаларының суреттерін қолдарына ұстап, Мәңгілік полктегі бейбіт шеруде жүріп өтті.

Қожатай Некібаев, соғыс ардагері:

- Алла тағала енді соғыс дегенді естіртпесін. Біздің ұрпақтарымыз көрмесін.

Соғыс ұлтымыздың биік рухын, ерлігі мен қаһармандығын әлемге танытты. Сондықтан, оқ пен оттың ортасында жүріп, қас дұшпанға қасқайып қарсы тұрған боздақтар ел есінде. Ал, Жеңіс күні ұрпақ үшін қастерлі мереке болып қала бермек.

 

Нысаналы ЫҒЫЛ

Хабарламаларға жазылу