73 жылдан кейін орындалған аманат - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

73 жылдан кейін орындалған аманат

09.05.2018

Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталса да, хат-ошарсыз, іс-түзсіз жоғалған боздақтар көп. Олардың қанды майданда не қаза тапқанын, не тірі қалғанын туыстары әлі күнге дейін білмей келеді. Бірақ, араға ондаған жылдар салып, тіпті ширек ғасырлар өтіп, ұрпақтары батыр әке-аталары жайлы ақпарат табуда.

Қуанышбай Молдабаев жиырмаға толар-толмас шағында соғысқа аттанған. Бұл 1942 жыл еді. 108-атқыштар дивизиясында болып, Беларусь мен Польшаның көптеген қалаларын азат ету шайқасына қатысқан. Германия мен Швецияның шекарасында да қанды майданды көрген. Бірақ, 1945 жылы батыр жауынгер мен туыстары арасындағы байланыс үзіледі. Содан бері 70 жылдан асты.

Қуаныш Раушан, қала тұрғыны:

- Қуанышбай әкеміздің шешісі, әжеміз маған үлкен аманат айтқан еді. Қуанышбай баламнан хабар болмады. Сендерге аманат қылып тапсырамын. Жерленген жері анықталса екен деген аманат тапсырды.

Қуаныш Раушанов Қуанышбай Молдабаевтың інісінің баласы. Есімін де сол кісіге арнап қойған екен. Ананың аманатын арқалаған азамат өмір бойы батырдың ізін шолады.Тек араға 73 жыл салып, Қуанышбай Молдабаевтың Поляк халық республикасында жерленгені туралы аз-кем ақпар табылады. Дереу елшілікке хабарласып, хат жазылғасын, сол жақтағы консулдықтан ақпарды растайтын хат келіпті. Қуанышбай Молдабаев 1945 жылы 15 ақпанда ауыр жараланып, қаза тапқан екен. Осылайша, Қуаныш Раушанов өзімен бірге туысқандарын ертіп, Поляктың Швець қаласына барады. Онда қаланың губернаторы отандастарымызға ізгі пейіл көрсетіп, жәрдемдесіпті. Нәтижесінде, ұрпақтары батыр әкесінің жерленген жерін тауып, қазақша қаріптермен есімін көк тасқа жазады. Туған жердің топырағын салады.

Қуаныш Раушан, қала тұрғыны:

- Әкеміз Қуанышбай Молдабаев жатқан жерінен ала келген топырағымызды шешесінің зиратына әкеліп табыс етіп, сол жерге әкеміз Қуанышбай Молдабаев Польшада ерлікпен қаза тапқан деген ескерткіш тақтасын қойдық.

Мінекей, ананың аманаты орындалды. Бұл ерлікке деген тағзым, кейінгі ұрпаққа деген үлгілі іс, өнеге екені анық. 

 

Азамат БЕЙБІТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу