Бүгін Ақордада Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова да бір топ азаматтарға мемлекеттік наградалар мен мемлекеттік сыйлықтарды тапсырды. Атап айтсақ, ІІІ дәрежелі «Барыс» ордені Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалинге тапсырылды. «Парасат» орденімен Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев пен Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Дархан Мыңбай бастаған бір топ азамат марапатталды. Сондай-ақ, «Құрмет» орденімен Президент Хаттамасының бастығы Мәди Атамқұлов наградталды. Өзге де марапат иелерінің ішінде әскерилер мен ЭКСПО көрмесінің комиссары және әл-Фараби атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары да болды. Ал, «Еңбек Даңқы» ордені бірнеше өңірден келген еңбек адамдарына табысталды. Оның ішінде Арал ауданынан келген балықшы да бар.
Нұртай Әбенов, IІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденінің иегері:
- 30 жылдан аса уақыт балық шаруашылығымен айналысып келемін. Жамбыл өндірістік кооперативі Ақшатау бөлімінде жұмыс істеймін. Теңізіміз балыққа толды. Балық аулануда. Соның айғағы ретінде міне, бүгін «Даңқ» орденімен марапатталып, қуанышымда шек жоқ. Елбасымызға рахмет.
Дулат АБИБУЛЛАЕВ