Бельгиядағы қазақстандықтар Республика күнін атап өтті
Бельгиядағы қазақстандықтар Республика күнін тойлауды бастап кетті. Ұлық мерекеге орай еліміздің Бельгиядағы елшілігі қазақстандық музыканттардың концертін ұйымдастырды. Шараға осы мемлекеттегі қазақ диаспорасының өкілдері, бельгиялықтар асырап алған қазақстандық балғындар мен шетелдік қонақтар қатысты.
Пианиношы Динара Ұрысбекқызы, гобойшы Гүлмира Мұздыбаева мен скрипканың құлағында ойнайтын Жазира Үкеева. Үш талант әдетте жеке-жеке өнер көрсететін. Ұлттық мерекенің құрметіне біріккен концерт беріп отыр. Үшеуі де Бельгияның үздік оркестрлерінде ойнап, он жылдан астам уақыт қазақ музыкасын еуропалықтарға насихаттап жүр.
Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық, Абайдың 150 жылдық мерейтойына орай музыканттар қос алыптың шығармаларын құйқылжыта орындады. Ұлттық әндер, Шәмші Қалдаяқовтың өшпес мұрасы жиналғандардың жан дүниесін тебірентті.
Максим-Тимур Бюрейк, Кортейк қаласының тұрғыны:
Мен Қарағандыда дүниеге келдім. Сегіз айлығымда бельгиялық ата-анам асырап алған. Бүгін ұлттық әндерімді естіп, еліме сағынышым арта түсті. Болашақта қазақ тілін үйреніп, Қазақстанда тұрғым келеді. Баршаңызды ұлттық мерекемен құттықтаймын, Отаным өркендеп, дами берсін.
Уенди Мразек, Д.Құдайбергеннің Бельгиядағы жанкүйерлер клубының жетекшісі:
Қазақстанда екі рет болдым. Астана мен Алматының көркі ғажап. Халқы өте қонақжай. Қазақстан қауіпсіз, қайта-қайта барғың келетін керемет ел. Халқына мықты денсаулық тілеймін. Елдеріңізде тек бейбітшілік болсын!
Қазақстанның мәдени бастамаларын дамытуға, насихаттауға қомақты үлес қосқан отандық студенттер мен шетелдік меймандар кеште Елшіліктің алғыс хатына ие болды. Сонан соң қонақтар мерекелік дастарханнан дәм татты. Бельгиялықтар асырап алған қазақстандық балғындардың төл тарихын, түп-төркінін тануға ықыласы зор. «Қазақша еркін сөйлеп, тоғызқұмалақ ойнауды үйренсем» деуші қаракөздерімізге арнап Елшілік жақында қазақ тілі, домбыра үйрету курстарын ұйымдастыруды көздеп отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
