Қарағанды облысында сібір жарасын таратты деген күдікпен қылмыстық іс қозғалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында сібір жарасын таратты деген күдікпен қылмыстық іс қозғалды

22.06.2016
Қарағанды облысында сібір жарасын таратты деген күдікпен қылмыстық іс қозғалды

Қарағанды облысының Шет ауданына қарасты Еркіндік ауылында сібір жарасын таратты деген күдікпен қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Бақытжан Құдияров мәлім етті. 

«Аталған факті бойынша материал тіркеуге алынып, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде», – деп хабарлады Б.Құдияров.

Полиция ауру малдың етін сатқан ер адамға қатысты қандай шара қолданылатыны туралы айтқан жоқ.

Белгісі, ауру малдың иесі оны мал дәрігеріне көрсеткен. Маман сиырдың ауру екенін, талдау нәтижесін күте тұруды өтінген. Алайда мал иесі сиырды сойып, етін сатып жіберген.

Еске сала кетейік, инфекцияның таралуы салдарынан облыстық ауруханаға сібір жарасын жұқтырды деген күдікпен сегіз адам жатқызылып, соның екеуі көз жұмған болатын.

Қазір Шет ауданындағы Еркіндік ауылына төтенше жағдай режимі енгізілді. Ауылға кіретін жолдардың барлығы жабық, ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаруға мүлдем тыйым салынды.

Ауру ошағында тиісті шараларды өткізу үшін штаб құрылды. Еркіндік ауылында ауру белгілері бар адамдарды анықтау мақсатында үй-үйді аралап, санитарлық-түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ауылға облыстық ауруханадан кеңес беру үшін эпидемиолог мен инфекционист жөнелтілді.

Науқастармен байланыста болған адамдарды егу көзделіп отыр. Сонымен қатар Шет ауданында арнайы топ барды. Олар ірі қара және ұсақ малды тексеруден өткізіп, сойылған сиырдың қалған етін жоятын болады. 

«www.bnews.kz»

 

 

Хабарламаларға жазылу