ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары, Комиссия төрағасы Бақытжан Сағынтаев Ақмола облысындағы Жер реформасы жөніндегі комиссияның көшпелі отырысын қорытындылады.
«Бірде-бір сауал қараусыз, шеткері қалмайды. Олардың бәрін бір жүйеге келтіріп, бағыттары бойынша қарайтын боламыз», - деді Б.Сағынтаев Комиссияның өңірлерге алғашқы көшпелі отырысының қорытындысы бойынша.
«Отырыс төрт сағатқа созылды. 40-тан астам адам сөз сөйледі. Селекторлық режимде облыстың барлық аудандарын қостық. Бүгінгі отырыс жұмысына барлығы 250-ден астам адам қатысты. Әрине, өңірлердегі адамдардың сауалдарын, ұсыныстарын тыңдағанда оларда барша халықты мазалайтын сұрақтардан бөлек, өзге де мәселелердің бар екенін байқадық. Негізінен бұл әлеуметтік салаға, ауыл инфрақұрылымына қатысты жеке сұрақтар. Бұл мәселелер қала тұрғындары үшін түсініксіз болуы мүмкін. Бірақ, ауылдықтар үшін бірінші кезекте тұрған мәселелер», - деп атап өтті Бірінші вице-премьер.
Естеріңізге салсақ, Комиссияның алдыңғы отырысы барысында, 28 мамырда, оның мүшелері халыққа жер реформасы бойынша түсіндіру және ақпараттандыру үшін елдің өңірлеріне баратындығы жарияланған болатын.
«Біздің міндетіміз - барлық ұсыныстар мен пікірлерді халыққа жеткізу. Комиссияның келесі отырысын аймақтардағы кездесуден бастауды ұсынамын. Тағы қосалқы топ құрып аймақтарға бару керек. Осы айда бірнеше сапарды жоспарлап, ал, тамыз айында түйінді шешіммен оралуымыз керек. Менің ойымша, халықпен кездесуді Ақмола облысынан бастаған дұрыс. Жұмысты жақын облыстардан бастау керек», - деді бірінші вице-премьер.