Астана күніне орай Петропавл қаласында «Балқымыз» фестивалі өтті. Бұл жолы ауыл тұрғындары Қызылжар халқына 1200 литр ұлттық сусын әкеліп ұсынды. Өңірдегі 12 ауданнан келген ақжаулықты әжелер мен қыз-келіншектер өздері әзірлеген тағамдарын қазылар алқасының талқысына ұсынды.
Кімнің қымызының дәмі тіл үйіреді, тағамды ұсыну мен қонақты қарсы алу рәсіміне дейін бағаланды. Байқауға қатысушылардың қымыз ашыту тәсілі де әр алуан.
Меңсұлу Нұрмағамбетова, байқауға қатысушы:
Салқындатып қойғаннан қорын құйып, пісіп, бабына келтіремін. Сосын бал қосамын, қазының майын қосамын. Күбіні шиенің ағашымен ыстаймын.
Таңат Сүгірбаев, қазылар алқасының мүшесі:
Балқымыз фестивалін өткізу Солтүстік Қазақстанда дәстүрге айналып отыр. Биылғы шара Астана күніне арналып отыр. Облысымыздың барлық аудандары қатысады. Айта кетерлігі, қатысушылар біз білмейтін қымыздың 12 түріне дейін әкеліп ұсынып жатыр.
Сағындық СӘБИТҰЛЫ