Атырауда жолаушылар пойызы рельстен шығып кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда жолаушылар пойызы рельстен шығып кетті

20.04.2014
Атырауда жолаушылар пойызы рельстен шығып кетті
Атырауда пойыздың рельстен шығып кетуінен зардап шеккен жолаушыларға жан-жақты көмек көрсетілді. Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті мен жедел жәрдем оқиға орнына шұғыл жетіп, барлық азаматтарға тиісті көмек берген.
 
Батыс көлік прокуратурасы пойыздың апатқа ұшырауына байланысты қылмыстық іс қозғады. Жалпы Алматы-Атырау бағытындағы 41-ші пойызда 746 жолаушысы бар 18 вагон болған. Төтенше жағдай кесірінен 7 вагон аударылып, 5-еуі теміржолдан шығып, тұрып қалған. Жүздеген адам түрлі дене жарақаттарын алды.
 
Батырбек Қуандықұлы, тілші:
Оқиға 19 сәуір күні Астана уақытымен 17:30 шамасында болған. Нөмірі 41-ші жолаушылар пойызы Атырау облысы Мақат ауданынан 50 шақырым қашықтықта орналасқан Кенбай және Жантерек станциялары аралығында рельстен шығып кеткен. Абырой болғанда, жолаушылардың барлығы аман.
 
Бейбіт Ахметов, пойыз жолаушысы:
Сатыр-сатұр етті. Үстіңгі қатардан маған құлады. Жанымдағы кісілер қолымнан демеп, тұрғызды. Әйнектен шықтық. Вагонымыз жантайып қалды.
 
Сина Гасанова, пойыз жолаушысы:
Вагонның дәлізінде тұр едім. Кенеттен дәл біздің 15-ші вагон рельстен ауытқып, аударылды. Вагондағы жігіттер абдырамай, барлығын далаға шығара бастады. Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары да оқиға орнына тез жетті. Бірнеше жедел жәрдем көлігі де келді.
 
Жолаушыларға алғашқы жәрдем көрсету үшін дереу дәрігерлер мен құтқарушылардың бригадалары құрылды. Мақат ауданық емханасынан 2, ал көршілес Қызылқоға ауданынан 3 жедел жәрдем көлігі көмекке келді.
 
Бұған қоса, адамдарды Мақат ауданына тасымалдау үшін 7 автобус бөлінді. Облыс орталығынан да дәрігерлер мен құтқарушылар және тікұшақпен санавиация   жұмылдырылды. Облыстық ауруханаға тікұшақпен 3, ал көлікпен екі жарақат алған жолаушы жеткізілді. Мақат аудандық емханасына 29 адам әкелінді.
 
Ерлан Сүйеуғалиев, Мақат аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары: 
Көпшілігі бас ми жарақаттарымен байланысты. Бас ми шайқалуы диагнозымен жатыр. 19 науқас амбулаторлық емге жолданды. 2 науқастың жағдайы ауыр деп бағаланды да, облыстық ауруханаға жіберілді.
 
Алғашқы жәрдем көрсетілген соң, Атырау қаласына жеткізу үшін апат болған жерге 4 вагоннан тұратын пойызы келіп,жолаушылар түнгі сағат екілер шамасында   аман-есен Атырау қаласының вокзалына жеткізілді.
 
Гүлзи Нұғманова, пойыз жолаушысы:
Стопкранды біреу басып қалды дейді. Содан тарс-тарс ете қалды. Мен жер сілкінісі деп ойладым. Рахмет. Аман болсын. Барлығы бірігіп, бір кісідей көмектесті.
 
Қазір, оқиға орнында тергеу амалдары жүргізілуде. Қорытындысы жақын уақытта жарияланатын болады. Айта кетейік, осы оқиғадан кейін 19 адам билеттерін қайта тапсырған.
 
 
Батырбек ҚУАНДЫҚҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу