Жылқы жылы Алматы үздіктер қатарынан табылды. Мегаполис – әлем бойынша 2014 жылы саяхаттауға қолайлы қалалар тізімінен жетінші орынды алды. Бұл ақпарды туристерге арналған британдық «The Rough Guide» басылымы жариялады.
Тіпті, мақалада: «Алматыны аралаған соң, бұқараны біраз шулатқан «Борат» фильмінің Қазақстанға еш қатысы жоқ екендігіне туристердің көздері жетеді» делінген. Әсем қалалардың ондығына кірген Алматының қай жерлері саяхатшыларды қызықтырады екен?
Ұлыбританияда тұратын Карина Жданова қысқы демалысын Алматыда өткізуде. Таудың таза ауасымен тыныстап, шаңғы тебу үшін бүгін Шымбұлаққа келіпті.
Карина Жданова, саяхатшы:
Мен жылда демалу үшін Англиядан Алматыға арнайы келіп тұрамын. Табиғаты сондай сұлу. Әлемдегі ең дәмді тағамдар да осында. Қаншама ұлттың асханасы бар. Маған қатты ұнайды. Өте қонақжай қала.
Алматы бүгінде туризмді дамытуға бет бұрды. Ару қалада саяхатшылар үшін көптеген ілкімді іс атқарылды. Соның нәтижесі болар, Қазақстанға келетін саяхатшылардың 80 пайызы Алматыға тұрақтайды екен.
Енді міне, туристердің таңдауымен 2014 жылы міндетті түрде саяхаттайтын қалалар тізімінде Рио-де-Жанейро, Ноттердам, Ливерпуль сынды қалалармен бірге ең сұлу деген он шаһардың тізіміне ілінді.
Жанар Алшымбаева, қалалық Туризм басқармасы туризмді дамыту бөлімінің басшысы:
Біздің қалада Қазақстанда бірінші болып туристік ақпараттық орталық ашылды. Бұл орталыққа жүгінетіндердің бәрі – туристер. Олар бұл жерден қандай қонақүйлер бар, қандай қызықты жерлер мен демалыс орындары бар бәрін біле алады. Сол туралы ақпаратты толығымен береді.
Тоғжан Жалғасбекқызы, тілші:
Мен аралап жүрген мына Шымбұлақ та туристер үшін ең қызықты жерлердің бірі. Сондай-ақ, Іле Алатауының табиғат ландшафтары, мәдени-тарихи мұралар, Медеу мұз айдыны - саяхатшылардың ең көп келетін орны. Сәулеті мен сәні келіскен қалада туристерді тарту жұмыстары тоқтамақ емес. Туризм басқармасындағылар енді «Көкжайлау» тау шаңғы курортының іске қосылуы жолында жұмыс істеуде. Осылайша, табиғаты талай туристі тамсандырған Алматыға саяхатшылар бұрынғыдан да ағыла түспек.
Тоғжан ЖАЛҒАСБЕКҚЫЗЫ