Бүгін, 17 желтоқсан күні Испания Примерасының 16-шы туры аясында хихондық «Спортинг» өз алаңында «Вильярреалды» қабылдады. Ойын 1:3 есебімен қонақтар пайдасына аяқталды.
Бірінші тайм қызықты болып, «Вильярреал» есепті ашып, оны еселей түсті. Алғашқы голды қорғаушылардың қарауынсыз Джонатан дос Сантос салды - 0:1.
Ойындағы екінші голдың авторы қорғаушылардың артынан сытылып шыққан Никола Сансоне атанды - 0:2 .
Мачтың екінші жартысында да екі гол соғылды. Бірақ, осы жолы голдарды екі команда салды. Никола Сансоненің сол қанаттан келген пасын Алешандре Пато еш қиындықсыз голға айналдырды - 0:3.
Кездесудің соңғы минуттарында қорғаушының айып алаңынан шығарған добына басын тосқан Карлос Кармона командасының жалғыз голының авторы атанды - 1:3.
Естеріңізге сала кетейік, «Спортинг» - «Вильярреал» кездесуін тікелей эфирде көрсеткен «Kazsport» телеарнасы.