Димаш Құдайбергеннің Мәскеудегі екі күндік жеке концерті сәтті өтті. Мемлекеттік Кремль сарайындағы 6 мың адамдық үлкен залда бос орын болмады. Себебі қазақ әншісінің кешіне билеттерді бірнеше ай бұрын талап алған тыңдармандар әлемнің 50-ден астам елінен жиналды. Қазақстандық ақпарат құралдарының ішінде Димаштың концертін түсіруге тек Ұлттық арна ғана рұқсат алды.
Бұл - Кремльдің кіреберісі. Димаштың концертіне келген тыңдармандар ұзыннан-ұзақ кезекте тұрды. Барлығы әншіні көруге асық.
Нұртас Солтанұлы, тілші:
- Сонымен көптен күткен сәт те келіп жетті. Димаштың Мәскеудегі концертінің басталуына әлі уақыт бар болса да, мемлекеттік Кремль сарайының іші жанүйерлерге лық толды. Себебі бұл күнді көрермендер бірнеше айдан бері күтіп жүр.
Димаш та бұл сәтте соңғы дайындығын пысықтап, кештің басталуын тағатсыздана күтіп жүрді. Ақыры 6 мың адамдық алып залдағы барлық тыңдарман өз орындарына жайғасып, концерт те басталды.
Димаштың мақсаты – қазақтың мәдениетін бүкіл әлемге насихаттау. Сол себепті ол концерт кезінде бірнеше әнін ана тілінде орындап, қазақтың әуезін баршаға жеткізді. Ал, қасиетті қара домбыраны арнайы таныстырды.
Осылайша шетелден келген тыңдармандардың біразы, домбыраның қоңыр үнін алғаш рет Димаштың орындауында тыңдады. Жалпы, концерт кезінде Димаш өз дауысының мүмкіндігін көрсетіп, түрлі жанрдағы әндерді орындады. Бірнеше жаңа әнін де Мәскеуде алғаш рет шырқады.
Димаш 3 сағат бойы жанды дауыста концерт берді. Оның бірнеше тілде орындаған әндерін көрермендер қосыла шырқап отырды. Ұлттық арнаға берген эксклюзивті сұхбаты кезінде, Димаш өзіне ерекше ықылас көрсеткен барша жанкүйерлеріне алғыс айтты.
Димаш Құдайберген, әнші:
- Әннің тілін білмесе де, мағынасын түсініп, «Дайдидауды» бірге шырқады. Менің сондай үлкен арманым болған - төлқұжатыма айналып кеткен осы әнімді шетелдіктер де бірге айтса деген. Сол арманыма қол жеткізуіме үлкен септігін тигізіп отырған, барша тыңдармандарыма алғыс айтамын. Сіздер барда сахнада мен бармын, сіздер барда қазақтың әні талай мәрте қалықтайды.
Димаштың Мәскеудегі концерті қатарынан екі күн бойы өтті. Бірақ сонда да, сүйікті әншісінің дауысына тоймаған тыңдарман, оны жібермей ұзақ қошеметтеді.
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ