Ұлттық арна арулары - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық арна арулары

07.03.2019

Телеарна арулары үшін мереке күні демалыс деген ұғым жоқ. Тіпті, төл мейрам - Халықаралық әйелдер күнінде жұмыстан табылып жатады. Себебі аса маңызды, үлкен жауапкершілікті қажет ететін телевизия әлемінің көптеген саласында олар атқарып жүрген жұмысқа ерлер қауымының көпшілігі шыдай бермейді. Ал, медиа маманы үшін патша көңілді көрерменнің көңілінен шығып, дер кезінде ақпарат жеткізу аса маңызды.

Көрерменге әрбір деталімен дем беріп, әсерлі кадрлармен баурап отыру режиссерлердің қолынан ғана келеді. Ал «Қазақстан» телерадиокорпорациясындағы осы бір жауапты мамандық иелерінің басым көпшілігі - қыз-келіншектер.

Зина Тәжібаева, телережиссер:

- Әрине, бізде көбінесе режиссурада әйелдер, қыздар. Өйткені бұл өте жауапты қызмет, үлкен шыдамдылық керек. Әйелдер шыдамды келеді, бәріне төзімді болады.

Бүгінде Ұлттық арнада тәжірибелі мамандармен қатар аға буыннан дәріс алған жас мамандар еңбек етуде. Бір ғана Ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясында 17 режиссер жұмыс істейді. Ал, арна бойынша 30-ға жуықтайды. Олардың 80 пайызы - нәзік жанды арулар.

Телевизияның көрінбейтін жауынгерлерінің бір тобы бейнеинженерлер. Ондағы тәжірибелі мамандардың бірі - Светлана Жаңабайқызы. Ол бұл салаға 32 жыл бұрын келген. Ұл-қыз тәрбиелеп, немере бағып отырған отанасы өз ісінің нағыз шебері.

Светлана Жаңабайқызы, бейнеинженер:

- Мен жұмысымды өте қатты жақсы көремін. Өзімнің өмірімді монтажсыз, телевидениесіз елестете алмаймын. Қатты жақсы көремін. Күнделікті жаңалықты біліп отырасың.

Ал, мына бөлмеде Ұлттық арнаның эфирлік бағдарламасы жасалады. Қарап тұрсаң, оңай шаруа емес. Әрбір хабар мен кино, жарнама, роликтердің уақытын есептеп, рет-ретімен қою сабырлық пен зейінді талап етеді. Ал, телеөнімнің барлығын көрерменге мінсіз қылып жіберу үшін осындағы қырағы арулар оны тексеріп алады. Бұл мамандар назарынан бірде-бір қатені қалт жібермейді.

Айнұр Орынбайқызы, шығарушы редактор:

- Бір қызығы, біздің бөлімде 16 қыз жұмыс істейді. 2 ұлымыз ғана бар. Неге өңкей қыз деп ойлайсыз ғой. Өйткені біздің бөлімнің жұмысы өте жауапты болғандықтан, біздің бағыттағы жұмыс ерлердің қолынан келмейді.

Телеарна - бұл шығармашылық ордасы. Тірлігі қауырт, жауапкершілігі үлкен. Бірақ арулар әрдайым сұлулықты ретке келтіріп, боянуды ұмыт қалдырмайды.

Жылына бір келетін мерекеде ерекше құлпыра түсетін телеарна арулары дәстүр бойынша естелікке суретке түсіп, тағы бір мейрамды таспа тарихына басты.

Бүгінде «Қазақстан» телерадиокорпорациясында 1131 қыз-келіншек қызмет етуде. Олардың 124-і былтыр түрлі марапатқа ие болған. Бұл олардың жоғары кәсібилігін көрсетеді.

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу