Қазақ телевизиясының ардагерлері болашақ журналистермен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ телевизиясының ардагерлері болашақ журналистермен кездесті

05.12.2018

Тағылымды шара Ұлттық арнаның 60 жылдығына орай, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінде өтті. Қара шаңырақта «Алыптар апталығы» шеберлік күндері басталып, телевизия майталмандары шеберлік дәрістерін беруді бастады.

Қазақ телевизиясында әр жылдары тынымды еңбек еткен ардагерлер телехабар таратудың өткені мен бүгіні туралы сөз қозғады. Телеарнаның құрылуы мен қалыптасу тарихын айтты. Алғашқы кездегі хабар тарату ісі туралы естелік әңгімелерді жастар қызыға тыңдады.

Фатима Бегенбаева, қазақ телевизиясының ардагері:

- Біз студент болып жүрген кезімізде алдыңғы аға буынды көру, кездесу біз үшін бір ғибрат болатын. Сондай әсер қазіргі жастарда да бар шығар деп ойлаймын.

Телевизияда өзіндік қолтаңбасы мен ізін қалдырған майталмандар жастарға шеберлік сабақтарын өткізді. Сондай-ақ, арнаның 60 жылдығына орай ашылған «QAZAQSTAN» оқу-шығармашылық зертханасында журналистика саласындағы қызу тіршілік туралы фильмдер көрсетілді.

Төлеубай Қаймолдинов, қазақ телевизиясының ардагері:

- Бір нәрсені басыңқырап айттық. Себебі, бұл журналист деген мамандық - оңай мамандық емес. Бұны ешқандай мамандықпен салыстыруға болмайды.

Еркін форматта өткен сабақта студенттер толғандырған сұрақтарын іркілмей қойып, тұшымды жауап алды. «Телефизия саңлақтарын көріп, осы мамандыққа деген қызығушылығымыз арта түсті»,- дейді жастар.

Мөлдір Әбиева, студент:

- Негізі, күнде өтіп тұрған дұрыс деп ойлаймын. Себебі, бізге теория емес, практика керек. Бұл шараға 40-тан астам студенттер қатысты.

Апталық аясында шаралар легі әлі екі күнге созылады. Ертең Ұлттық арнаның бүгінгі бет-бейнесі болған танымал журналистер мол тәжіриелерімен бөлісіп, студенттерге дәріс береді.

Амангелді СЕЙІТХАН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу