Басты Жаңалықтар Табиғатты ластаудан Павлодар өңірі көш бастап тұр

Табиғатты ластаудан Павлодар өңірі көш бастап тұр

Келер жылдан бастап табиғат байлығын пайдаланушылардан өндірілген айыппұл жергілікті бюджетке түседі және ол қаржы мақсатты түрде қоршаған ортаны қорғау шараларына жұмсалады. Бұл жөнінде Павлодарда өтіп жатқан Парламент Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің көшпелі жиынында айтылды. Депутаттар мен құзырлы органдардың дәл Ертіс-Баян өңірінде бас қосуы кездейсоқтық емес. Себебі өндірісі өркен жайған аймақ зиянды қалдықтарды сыртқа шығару бойынша көш бастап тұр. Жылына 700 мың тоннадан асады. Соңғы төрт жылда күшейтілген шаралар қолға алынғанымен небары 4,5 пайызға азайған. Әсіресе қуат өндіруші кәсіпорындар топтасқан Екібастұз аймағында жағдай күрделі.

Еділ Жаңбыршин, Мәжілістің экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы:


Екі ГРЭС, жалпы, энергетика саласында осы үлкен проблема бар. ГРЭС-1, ГРЭС-2 түтінінде көптеген тозаң, күл кетіп жатыр. Жалпы, өңірдің осы сыртқа шығып жатқан шығарылымдарының жартысынан көбін сол екі ГРЭС беріп отыр.


Республика бойынша эмиссия көлемінің 30 пайызы Павлодар облысының үлесінде. Мәселен, елімізде атмосфералық ауаның ластануына себепші 50 кәсіпорын анықталған. Солардың 10-ы осы аймақта. Осы жолы комитет мүшелері «Қалалық су арнасы» кәсіпорынының жұмысына қатысты да біраз сын айтты. Ал бұрынғы Химия зауыты аумағындағы сынап қалдықтарын залалсыздандыру мәселесі Мәжілісте арнайы қаралмақ.


Бөлісу