Басты Жаңалықтар «Balapan» телеарнасына 15 жыл

«Balapan» телеарнасына 15 жыл

«Balapan» телеарнасына 15 жыл

Еліміздегі ең ірі медиа құрылым «Қазақстан» телерадиокорпорациясы құрамына кіретін «Balapan» телеарнасының құрылғанына биыл 15 жыл. Осы уақыт ішінде телеарна қазақтілді балалар контентінің көшбасшысына айналды. Арнаның төл мерекесіне орай «Жаса, Balapan!» атты 15 игі іс телемарафоны жалғасып жатыр.

Бүгінде 15 сағат Хабар тарататын «Балапан» арнасын тек Қазақстан емес,  Қырғызстан, Моңғолия мемлекеттеріндегі бүлдіршіндер де көріп жүр. 17 адамнан тұратын шағын ғана ұжым ана тілінде таза әрі көркем сөйлейтін жаңа буын қалыптастырып, ұрпақ тәрбиесіне оң ықпал етуде. 2010 жылдан отандық анимациялық фильмдердің басым бөлігі осы «Balapan» арнасына тиесілі.


Мақпал Үкенова, «Балапан» телеарнасының директоры:

«Балапан» телеарнасымен бірге қазақ анимациясы да қарқынды дамып жатыр. Арна ашылған уақытта мысалы, 3-4 компания ғана болса, қазір саны 20-дан асты. Осы жылдар аралығында отандық анимацияның қоржынына «Балапан» телеарнасы 160 мультсериал және биыл кинотеатрға 3 толықметрлі мультфильм шығардық. Сонымен қатар 434 бағдарламамыз және 28 телехикаямыз көрерменге ұсынылды.

Осы жылдар ішінде «Balapan» телеарнасының анимациялық жобалары ағылшын, испан және португал тілдерінде АҚШ, Латын Америкасы елдері және Ресей мемлекеттерінің интернет платформалары арқылы көрсетілсе, халықаралық компаниялардың танымал өнімдері «Balapan» арнасы арқылы қазақ тіліне дубляждалды. Телеарнаның ресми Youtube каналында 2,5 млн-ға жуық көрермені бар. Жалпы қаралым саны  1млрд-тан асып, Ютубтың алтын және күміс батырмаларын иеленді.

Қарлығаш Жұмаханқызы, «Балапан» телеарнасының бас режиссері:

Біздің аға буын өкілдеріміз арна ашылуында бізге жол сілтеп, бағыт-бағдар берді. Арнаның ең алғаш эфир таратқаны әлі есімде. Содан бері «Балапан» телеарнасы өзінің кішкентай көрермендерін әлі де қуантып келеді. Жылдан жылға «Балапан» арнасының деңгейі өсіп келеді. Осы ретте айтар едім, өзіміздің төл бағдарламаларымыз талай байқауларда үздік орындар алып, біраз жобаларымыз шетелдік платформаларда сатылды.


Биыл телеарнаның төл мерекесіне орай тұңғыш рет тек қана балалардың қатысуымен «Жаса, Balapan!» телемарафоны өтіп жатыр. Бұл жобаның  басты ерекшелігі – қоғамға пайдалы, тәрбиелік мәні зор бастаманы көтеріп, 15 игі іс жасау. Мәселен ойын алаңқайларын тазалау, құстарға ұя салу, кітапханада балалар кітаптарының бұрышын дайындау, саябақта ұлттық ойындар сайысын өткізу сынды жақсылық жасауды үндейтін бейнероликтер дайындалған.


Ақниет Балтанова, тілші:

Дәл қазір сол марафонның кезекті түсіріліміндеміз. Көріп тұрсыздар, дайындық қызу. Балапанның кішкентай жүргізушілерімен қатар өнер-білім орталықтарынан келген шәкірттер де бірлесіп, шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысып жатыр. Тосынсыйға толы мерекелік шығарылым 27-қыркүйекте «Балапан» арнасының эфирінен көрсетіледі. Қапы қалмаңыз.


 - Мен 8 жылдан бері «Балапанмен» біргемін. Балапанды өте қатты жақсы көремін. 
- «Балапанмен» бірге мен 2 жыл жұмыс істеп жатырмын. Алдағы уақытта сіздерді «Балапан» арнасының жаңа жобалары күтуде.
- Балалар, бізбен бірге болыңыздар. «Балапан» телеарнасымен бірге өсіңіздер. Уақыттарыңызды керемет өткізіңіздер.
- Кішкентай дос, «Балапанды» қос!
Бөлісу